|
08.02.2019 | 17:44
24496

Дәрігер немесе халық емшісі: алматылықтар ағза тазалаудың қай әдісіне жиі жүгінеді?

Врачи предупреждают: методы народных целителей не всегда эффективны, а иногда даже губительны

Дәрігер немесе халық емшісі: алматылықтар ағза тазалаудың қай әдісіне жиі жүгінеді?

Қазақстандықтар соңғы кезде ағзаны тазалау үшін емдік шөптер, смузи немесе биотокпен емдеу әдісіне көп жүгінетін болған. Дәрігерлер халық емшілерінің айтқанына еремін деп, денсаулықты одан бетер құртып алу мүмкін екенін айтады. Ал алматылықтар ағзаны токсиндер мен шлактардан шығару үшін қандай әдістерге жүгінеді? Almaty.tv тілшісі толығырақ тарқатады.

Өзін құрметті биоэнергетик санайтын Құмарбек Жұқаев науқас жандарды дәрігерлер секілді емдеймін дейді. Тек дәрі мен отаның орнына, ол биотогын қолданады. Он бес жылдан бері жазбаған дертім жоқ деген емші соңғы кезде ағзасын тазартқысы келетіндер көбейгенін айтады.

«Өте көп келеді. Шлак деген не? Ол – өт. Адамның өтін тазалау. Негізі, дәрігерлер Сарыағашта тазалайды. Дей тұрғанмен, өтті табиғи жолмен тазалаған дұрыс. Күніне 5-7 адамды қабылдаймын, одан артық қабылдамаймын. Менде адам көп. Елдің түгі кетпейді, ал өзіме ауыр болғаннан кейін келушілерді аз қабылдаймын», – дейді биоэнергетик Құмарбек ЖҰҚАЕВ.

Халық емшісінен ем алып жүрген жанның бірі – Саят Құмашев. Ол ағзасын артық заттардан тазарту үшін диета ұстап, биоток әдісімен емделуде. Нәтижесінде, салмақ тастап, тіпті, жасарып қалдым дейді.

«Екінші сеанстан кейін өзімді жақсы сезіне бастадым. Мен семіздікке шалдыққанмын, жасыратыны жоқ, салмағым 140 келі еді. Дәрігерерге қаралып едім, қаптаған дәрі жазып берді. Ал мына кісі мені еш дәрісіз-ақ емдеп жатыр. Қазір міне, 25 келі тастадым», – дейді емделуші Саят ҚҰМАШЕВ.

Ал бұл медициналық орталықта тек ағзаны тазалаудың үздік әдістері қолданылады дейді қызметкерлер. Мұнда гидроколонотерапия, бауырды тазалау, қанды көктамыр іші арқылы лазермен тазалау сынды қызметтерді ұсынады. Нәтижесі науқастардың көз алдында. Ағзаларынан шығатын түрлі паразиттерді көргенде кейбірі шошып жатады. Меруерт Хамитова ішек жолдары мен қанын тазарту үшін Талдықорғаннан арнайы келіпті.

«Мен медицинаға аса сене бермеймін. Себебі, олар аурудың тек белгілерін ғана емдейді. Негізі, алдымен дерттің себебін анықтап, сонымен күресу керек. Біз дұрыс тамақтанбағандықтан, ағзаға шлактар жиналады. Мен қазір еттен және сүт, ұн тағамдарынан бас тарттым. Осы орталықты сайттан көріп, қазір міне, арнайы келіп, ағзамды тазартып жатырмын», – деді емделуші Меруерт ХАМИТОВА.

Ақ халаттылар болса түрлі таблетка, смузи, шөп дәрілерді ішіп, детокс-бағдарламаларды қолданбастан бұрын, дәрігерге қаралу керек дейді. Тәжірибелі гастроэнтеролог Наталья Огурцова ағзаны дұрыс тазаламаса, салдары қауіпті болуы мүмкін екенін айтады. 

«Егер сіз дәрігерге бармасаңыз ағзаңызда болып жатқан проблемаларды білмейсіз. Ал әр жерге бір барып тазалау үлкен залалын тигізуі әбден мүмкін. Әсіресе, науқастар алдын ала тексерістен өтпей жатып, өз бетімен түрлі дәрілерді қабылдаса, ол өте қауіпті», – дейді гастроэнтеролог дәрігер Наталья ОГУРЦОВА.

Диетологтар көктем мен күз мезгілі ағзаны тазалау үшін ең қолайлы уақыт дейді. Алайда, арықтаймын немесе зиянды заттардан арыламын деп жүріп сау жеріңізді құртып алуыңыз ғажап емес екенін ескертеді.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир