Нұр-Сұлтанда бір тәулікте пневмониясы асқынған 600 адам тіркеледі

25.06.2020 22:48

Маманның айтуынша, коронавирус инфекциясына байланысты қала тұрғындарынан түсетін қоңырау көбейген

Almaty.tv

Нұр-Сұлтанда бір тәулікте пневмониясы асқынған 600 адам тіркеледі. Бұл туралы елордалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Маманның айтуынша, коронавирус инфекциясына байланысты қала тұрғындарынан түсетін қоңырау көбейген. Мәселен, кешенің өзінде  жедел жәрдемге 1300 шақырту түсіпті. Сол себепті аумақтық емханаларда қосымша және жаңа жедел жәрдем топтарын құру туралы шешім қабылданып отыр деді басқарма басшысы.

«Пневмониямен ауыратын науқастардың саны тәулігіне 600 жағдайға дейін өсті. Бұрын 80 жағдайға дейін ғана болатын. Аптасына 8,5 есеге дейін жоғарылауы байқалып отыр. 12 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық ұйымдардың төсек орны қорын қайта құруға байланысты жұқпалы және провизорлық ауруханалардағы төсек орны саны 1351 орынға ұлғайтылды», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова.

Елордада қазір коронавирус инфекциясымен күресуге 12 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылған. Қазір қаладағы стационарларда төсек орындарының 54 пайызы бос емес. Жұқпалы және провизорлық ауруханаларда жұмыс жүктемесі 79 пайыз.