Сарыағаштық 38 жастағы көпбалалы ана Гүлмира Даурбаева үш қызды дүниеге алып келді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Нәрестелердің салмағы 2 кг, 2 300 және 1 900 грамм болды. Батыр анаға дәрігерлер кесарь тілігі арқылы ота жасап, босандырып алған. Қазіргі таңда мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилердің жағдайы бірқалыпты. Үшемге туыстары Әмина, Сабина және Медина есімдерін қойған.
- Үшем босанатынымды алғаш естіген кезде қатты қобалжыдым. 5 балалы болған соң, сәбилі болуды жоспарламадым. Күтпеген жерден дәрігерге қаралып, үшемді болатынынымды естігенде басқаша сезімде болдым, - дейді батыр ана.
Сарыағаштық батыр ана бүгінде 8 баланың анасы атанды. Мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан нәрестелерге жансақтау бөлімінің мамандары тарапынан ерекше күтім жасалған.
Айта кетейік №1 облыстық перинаталдық орталықта 2023 жылы 158 егіз бен 2 үшем дүниеге келді.
Оқи отырыңыз: Енді жаңа туған сәбилер аты-жөнінен бұрын ЖСН алады