Алматылық дәрігерлер 10 кг-нан асатын миоманы алып тастады

19.05.2023 22:50

Жатыр көлемі салмағы 10 кг, яғни 40 апталық жүктілік көрсеткіштеріне сай келді

Syda Productions / Фотобанк Лори

Алматы қаласы ОҚКА гинеколог дәрігерлері өте ауыр жағдайда ауруханаға түскен 56 жастағы науқасқа жатыр миомасы диагнозы бойынша сәтті ота жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жатыр көлемі салмағы 10 кг 40 апталық жүктілік көрсеткіштеріне сай келді.

Ісік көлемінің үлкен болғандығы соншалық, әйелдің демалуы қиындай түскен.

Отаның ерекшелігі, науқаста аталған негізгі көрсеткіштен бөлек басқа да көптеген ілеспе аурулар болған: артериялық гипертония, миокардиодистрофия, синусты тахикардия, 2-типтегі қант диабетінің ауыр дәрежесі, декомпенсация кезеңі және жедел асқыну-ауыр ацидоз.

ОҚКА директорының орынбасары, қауымдастық профессоры Жасұлан Баймахановтың жетекшілігімен, онко-гинеколог, м.ғ.д. Алиса Байназарова, клиника эндокринологы Салтанат Шайдарова және анастезиолог-реаниматологтар бригадасы дәрігерлердің  мультидисциплинарлық консилиумы өткізілді. Жағдай толық тұрақтанбай тұрып, аурудың клиникалық көрінісін, атап айтқанда, жақын тұрған органдардың қызметінің бұзылуын ескере отырып, өмірлік көрсеткіштер бойынша жатырды экстерпациялау отасы жасалды.

- Жатыр мойнымен бірге органның денесін алып тастайтын жатырды алып тастау отасы осылай аталады. 2 сағатқа жуық уақытқа созылған ота сәтті өтті. Қазір науқас өзін жақсы сезінеді, жағдайы тұрақты, ауруханадан шығаруға дайындалып жатыр, – дейді Алиса Байназарова.

Қазіргі уақытта емделуші ОҚКА гинекология бөлімшесінде ем алып жатыр. Өз кезегінде науқас өмірін сақтап қалған дәрігерлерге  алғысын білдірді:

- 20 жыл бұрын домалақ ісік пайда болды, алғашқыда ол өте кішкентай еді, кейіннен үлкейе түсті. Жүрегімді тексертуге барғанда дәрігерлер маған миоманы тексеру керек екенін айтқан. Бірақ ол кезде ол ісік маған кедергі келтірмегендіктен мән бермедім. 2021 жылы мен короновирустық инфекциямен ауруханада жаттым, сол кезде де дәрігерлер мені толық тексерістен өткізіп, УДЗ жасағанда менде ісік бар екенін айтып, ауруханадан шыққан соң қажетті маманға баруым керек екенін ескерткен. Бірақ ол кезде де мен дәрігерге бармадым. Солай үй тіршілігі, күнделікті жұмыс деп жүріп ұзақ уақытқа созып жібердім. Ал ішімнің өсіп жатқанын салмақ қосып, толып бара жатқан соң осылай болып жатыр деп ойладым. Артынша етеккірім кеткен соң қан кету басталды, тек сол кезде ғана мен дәрігердің көмегіне жүгіндім.  Маған МРТ жасаған соң өте үлкен көлемдегі миома бар екенін және оны шұғыл түрде отамен алып тастау керек екенін айтты. Сол уақытта менің жағдайым қиындай түсіп, қан қысымым 195-ке жетті. Менің өмірімді сақтап қалған дәрігерлерге шексіз алғысымды білдіремін,- дейді емделуші.

Гинеколог Алиса Байназарова қазіргі уақытта жатыр миомасы өте кең таралған ауру түрі екенін атап өтті.

Әйел адам өз денсаулығына алаңдамауы үшін және пайда болған ауруды дер кезінде анықтап, емдеу үшін гинеколог дәрігерге жиі қаралып тұруы қажет. Себебі, көп ауру жағымсыз әсер тудырмай, еш белгісіз басталады.