Емханадан жолдама алғандарға қызмет тегін көрсетіледі
Қазақстанда «Бір күндік клиника» жобасы іске қосылды. Оның арқасында жүкті әйелдер барлық қажетті талдауларды бір жерден тапсырып, нәтижесін бірден ала алады. Бұл ретте Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында «бір терезе» қызметі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандар ана мен бала денсаулығына алдын ала қамқорлық жасау мақсатында қолға алынған жобаның тиімділігін түсіндірді. Негізгі мақсат – әртүрлі даму ақауларымен туылатын сәбилердің аурушаңдығын, өлім-жітімі мен мүгедектігін төмендету.
– Туылған балалардағы ақаудың құрылымында хромосомалық патологиясы, яғни жүрек-тамыр жүйесінің аурулары бар балаларға көмектесеміз, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.
– Әйелдері биохимиялық және ультрадыбыстық скринигтен өтуі қажет. Осы екі скрининг арқылы олардың ауру деңгейін анықтаймыз. Сондай-ақ әрі қарай жұмыс істейміз, – деді Перинатология және балалар кардиохирургия орталығының дәрігері Әнел Үркенова.
Айта кетейік, жоба аясында болашақ аналар жоғары деңгейде ультрадыбыстық зерттеуден, биохимиялық скринингтен және генетикалық кеңестерден өтеді. Мамандар алдағы уақытта мүгедек болып туылған балаларға көмек көрсету үшін түзету орталықтарының жұмысын жақсартуды көздеп отыр. «Бір күндік клиника» жобасы Астана, Шымкент қалаларында және еліміздің басқа 7 облысында іске қосылады. Емханадан жолдама алғандарға қызмет тегін көрсетіледі.
– Кез келген ана сияқты баламның дені сау болып дүниеге келгенін қалаймын. Ең соңғы құрал-жабдықтар осында екен. «Бір күндік клиника» жобасының арқасында мен тексеруден өтіп, нәтижесін көп күттірмей алдым, – деді қала тұрғыны Айгерім Тілеубаева.
Оқи отырыңыз: Мүгедектіктің алдын алу: аяқ-қолында күрделі ақауы бар 16 сәбиге ота жасалды