Алматыда асқазанды кішірейтетін ота жаңа әдіспен жасалды. Бұл операцияны елімізге іссапармен Литвадан келген профессор Алмантас Малецкас көрсетті.
Семіздік кезінде салмақты хирургиялық жолмен азайту және екінші типті қант диабетін емдеу бойынша шеберлік сағаты Орталық клиникалық ауруханасында өтті.
«Семіздікті хирургиялық жолмен емдеу – қазіргі уақытта ең тиімді әдіс. Асқазанды лапароскопиялық шунттау операциясын жасаған соң, науқастың асқазаны кішірейіп қана қоймай, тәбеті де төмендейді. Және бұл әдістің қант диабетімен ауыратын семіз адамдар үшін де тиімділігі дәлелденген. Отаның өзі заманауи технологиялармен жасалады. Біз пациенттің ішін 5 жерден тесу арқылы арнайы құралмен асқазанды кесіп, тігеміз. Яғни, кесілген жерлер өте кішкентай болғандықтан, науқас та тез жазылып кетеді», – деді профессор (Литва) Алмантас МАЛЕЦКАС.
Шеберлік сағатында көрсетілген инновациялық оталарды енді Орталық клиникалық аурухана дәрігерлерінің өздері де жасаймыз деп отыр. Ал артық салмақ проблемасы Қазақстан халқының жартысында бар дейді мамандар.