Ең алғаш Нұрланға ота 6 жасында, ал соңғы рет 2012 жылы жасалыпты
Бұған дейін бес рет операция төсегіне таңылған 20 жастағы жігітке жасалған отаны Оңтүстік Кореялық мамандар бақылап тұрды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
20 жастағы Нұрлан Ережепов туралы материалды осыдан бір апта бұрын арнамыздан көрсеткен болатынбыз. Оңтүстік Кореядан келген үздік профессорлардан тегін кеңес алған жігітке бір апта бұрын ота жасалды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.
«Мұрыныммен мүлдем демала алмай қалып едім. Бұған дейін 5 рет ота жасады, бәрібір болмаған еді. Енді осы жолы Кореядан профессорлар келіп, біздің дәрігерлер ота жасап жатқанда бақылап тұрды. Алтыншы операциядан кейін бәрі жақсы, өздігімнен дем алып жатырмын», – деді Нұрлан ЕРЕЖЕПОВ.
Ең алғаш Нұрланға ота 6 жасында, ал соңғы рет 2012 жылы жасалыпты. Бірақ бес операция жасалса да, Нұрлан мұрнымен тыныс ала алмаған. Ал кезекті отаны дәрігерлер Оңтүстік кореялық мамандармен бірлесіп өткізді.
«Ота 6 сағатқа созылды. Бұл – өте күрделі операция. Себебі жігіт мұрнымен мүлдем дем ала алмайтын. Мұрнының пішіні де дұрыс емес еді. Біз соны қалпына келтірдік», – деді Алматы қаласы № 5 қалалық клиникалық ауруханасының лор дәрігері Мұхамед ШБАИР.
Нұрланның отасы сәтті өтіп, қазір жағдайы жақсы. Дәрігерлер екі күннен кейін үйіне шығармақ. Ақ халаттылар, оған жарты жылдан кейін тағы бір операция жасалуы мүмкін дейді.
Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы