Алматыда онкологиялық аурулардың алдын алу үшін ұйымдастырылған ашық есік күнінде бірнеше адамнан қатерлі ісік анықталды. Ел егемендігінің 30 жылдығына орай өткізілген шараға 140-тай адам келген болса, соның біреуі сүт безі ісігіне, енді бірі бүйрек ісігі ауруына шалдыққанын білді. Тексерістен тегін өтудің басты мақсаты да сол – онкологиялық ауруларды ерте анықтауға және алдын алуға бағытталған. Алматы онкологиялық орталығының мамандарымен Almaty.tv тілшісі тілдесіп қайтты.
Таңертеңнен түске дейін жалғасқан ашық есік күнінде жалпы 140-қа тарта науқасқа медициналық көмек көрсетілді. Олар емхана базасында дәрігердің қабылдауынан бөлек рентген, ультра дыбыстық зерттеу сынды аппараттарға ақысыз түсті. Қабылдауды мекеменің білгір мамандары жүргізді. Қатерлі ісікпен күрес жүргізу үшін дәрігерлер қаланың барлық тұрғынын шақырды.
«Онкологиялық аурулармен күрес жүргізуге еліміздің денсаулық сақтау саласы қашанда айрықша мән береді. Бізден 40 адам ультра дыбыстық зерттеуден өтті. 2 адамнан қатерлі ісік алды аурулар анықталды. Олар әрі қарай толық тексерістен өтеді. Шамамен бір аптадан кейін нәтижесі шығады», – деді Алматы онкологиялық орталығы емханасының бөлім меңгерушісі Фархад Тұрсынов.
Шаһар бойынша Алматы Онкологиялық орталығының бас және мойын қатерлі ісігі есебінде 3441 науқас тұр екен. Емін толық бітіргеннен кейін, олар бірінші жылы әр 3 ай сайын тексеруден өтіп тұруға міндеттеледі. Ал екінші жылы 6 айда 1 рет келіп тексеріліп кетеді. Үшінші жылы жылына 1 рет келіп, қаралады.
«Егер науқас басқа қалаға кетіп қалатын болса немесе ұмытып кететін болса, біз оларға әр 3 ай сайын хабарласып тұрамыз. Бізде мониторинг әрдайым жүргізіледі, жылына бірнеше рет жүргізіледі. Бұл қатерлі ісікті ерте анықтауға және керекті терсерістерге жіберуге, дұрыс ем тағайындауға көмектеседі», – деді онколог дәрігер Гүлбану Нақысбек.
Қала тұрғындары онкомаммологтардан, онкогинекологтардан, онкоурологтар мен онкохирургтардан тегін кеңес алды. Тексерілуге ниет білдірушілер жетекші мамандардан тегін қаралуға мүмкіндік берілгеніне риза екендерін жеткізді.
«Көптен бері онкологияға көрініп, емделу керек пе, жоқ па деп жүруші ем. Бүгін 3 маманнан өттім. Маған ұнады. Осылай келіп, өзімнің көңілімнен шыққанына мен ризамын», – деді қала тұрғыны Мейрамхан Алмабаева.
«Прошла 3-х специалистов, приятное впечатление осталось, все узнала бесплатно», – деді қала тұрғыны Мейрамкүл Башарова.
Осылайша еліміздің онкологтары соңғы жылдары ауруды ерте сатысында анықтауды басты бағыты етіп, тұрғындарды денсаулығына жауапкершілікпен қарауға жұмылдыруда.
Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы