Министр сондай-ақ, дәрігерлер мен жедел жәрдем көліктері тапшылығы, дәрі-дәрмек мәселесі қалай шешіліп жатқанын да әңгімеледі
Өткен тәулікте елімізде 10 науқас коронавирустан және 20 адам пневмониядан мерт болды.COVID-19-ға шалдыққан 256 науқастың жағдайы ауыр. Мұндай жағымсыз статистиканы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Министр сондай-ақ, дәрігерлер мен жедел жәрдем көліктері тапшылығы, дәрі-дәрмек мәселесі қалай шешіліп жатқанын да әңгімеледі. Ал елдегі қиын жағдайды пайдаланып жатқан дәріханалар қалай жазаланады?
Карантин уақытында әуе рейстері мен теміржол қозғалысы тоқтатылмайды. Бірақ кейбір шектеулер бар. Мәселен, жаңа әуе бағыттары ашылмайды және теміржол арқылы жолаушылар тасымалы азаймақ. Ал өңірлер арасында жеке көлікпен қатынауға рұқсат. Ол үшін ешқандай анықтаманың да қажеті жоқ. Жұмысын уақытша тек, қаларалық бағыттарда қатынайтын автобустар тоқтататын болады. Шаһардағы қоғамдық көлік жұмысына да, уақыт бойынша шектеулер енгізіледі. Бұқараға келетін болсақ, жасы 65-тен асқан адамдарға үйінен шықпаған абзал. Сондай-ақ, 3 адамнан артық топтасуға болмайды.
«Карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке жеке тұлғалар 30 АЕК-ке, ол дегеніміз 83 340 теңге, ал кәсіпкерлік субъектілері 230 АЕК-тен, немесе 638 940 теңге және одан да жоғары сомаға тартылады. Тиісті нормативтік-құқықтық акті осы аптада қабылданады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Белгіленген 14 күн аралығында аталған шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізілмек. Егер нәтиже болмаса, шектеу шаралары бойынша қосымша шешімдер шығарылады. Ал вирустың ел ішіне кең таралуына тұрғындардың ескертулерге құлақ аспауы, немқұрайды қарауы себеп, дейді Ералы Тоғжанов.
«Әлем бойынша бұл індетті 10 миллионнан астам адам жұқтырып, 500 мыңнан астамы қайтыс болса да, біздің ел тығылып той тойлап, бетперде киюді әлі де ұят санайтындар да жоқ емес. Мысалға келтіретін болсақ, тығылып той жасау, артқы есіктен кіріп, қыз ұзату, аулаға той жасау, құдалық өткізу, ас беру, туған күн тойлау сияқты тағы да басқа шаралар толып жатыр. Оған өздеріңіздің де, көптеген азамат куә. Осындай әр шараның соңында кемінде 20-дан астам адам ауруханаға түсіп, қаза болып жатқандары да мәлім», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
COVID-19-дың ең жоғарғы көрсеткіші Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Соңғы тәулікте 1500-ден астам жұқтыру анықталып отыр. Бұл ретте, жедел жәрдем бригадаларының тапшылығы да, жағдайды күрделендіре түсті. Бірақ, бұл түйткіл жақын арада шешіледі деп сендірді денсаулық сақтау министрі. Республикалық бюджеттің есебінен қазірдің өзінде жедел жәрдем паркі 807 көлікпен толықты. Олардың алғашқы партиясы, 14 шілдеде Нұр-Сұлтанға, төрте күн өте Солтүстік Қазақстанға жеткізіледі. Министр өкпені жасанды желдету аппараттары жайлы да сөз қозғады. Қолда бар 3 300 құралға қосымша 978 аппарат сатып алынды. Жақын арада тағы 1000 аппарат алу жоспарланып отыр.
«Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін медициналық колледждердің 112 түлегі тартылды. Жергілікті атқарушы органдарға әртүрлі ресурс арқылы қосымша корона-такси шығару туралы ұсыныс берілді. Күн сайын республика бойынша ауысым бойынша 1400 көшпелі бригада шығады. Шақырылатын орынға шығудың орташа тәуліктік көрсеткіші – кейінгі екі аптада 30 мыңнан асып кетті. Бұл – қалыпты жүктемеден екі есе көп», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
13 мың төсек орны бар карантиндік стационарлар провизорлық және жұқпалыға бейімделеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, шілде айының соңына дейін инфекциялық және провизорлық орын саны 50 пайызға артып, 28 мыңнан 42 мыңға дейін жететін болады. Медициналық ұйымдарға науқастарды пневмониядан емдеу үшін антибиотиктің 16 түрі үзіліссіз жеткізілуде. Сонымен бірге, керекті дәрі-дәрмекті жеделдетіп дәріханаларға жеткізу мақсатында дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
«Кеше Нұр-Сұлтанда 70 мың адамға жететін парацетамол дәрісінің мөлшері небәрі жарты сағаттың ішінде сатылып кетті. Алайда елордада осынша препаратты қажет ететіндей науқас жоқ. Қазіргі уақытта интернетте бұл дәрілер қайта сатыла бастағанын көріп отырмыз. Біздің уәкілетті органдарымыз бұл мәселені жіті бақылауына алған. Спекуляцияға жол бермеу үшін әкімдіктер бір адамға дәрі-дәрмекті шектеулі түрде сату мәселесін реттеп жатыр. Осы аптаның соңына дейін бөлшек сауда желілеріне вирусқа қарсы препараттардың 70 мың қаптамасы жеткізіледі. Ыстық түсіретін парацетамолдың 700 мың қаптамасы жеткізілді. Алдағы екі аптада тағы 800 мың қаптамасын жеткізу көзделген», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Министр дәрі-дәрмекті шекті бағасынан қымбатқа сатқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Нақтырақ айтқанда, оларға айыппұл салынады. Ал заңбұзушылық қайталанса, дәріхананың лицензиясын тоқтатуға дейінгі шараның қабылданатынын жеткізді. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін мұндай шектеулер ауадай қажет,- дейді Қазақстан халқы Ассамблея төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов.
«Әрине, бұл шектеулер бірқатар мамандандырылған институттармен зерттеліп, осындай талдаулар негізінде шешім қабылданды деп мен кәміл сенемін. Біздің халқымыз тарих бойынша қаншама қиыншылықтан өтті. Бұл халқымыздың бірлігі және де әрбір осындай талаптарға бойсындырып, бір-бірімізді түсініп, тірек болғанымыздың себебі. Сондықтан осы індеттен де біз бәріміз аман-есен өтеміз. Өзіміздің денсаулығымызды сақтайтын шектеулер деп қабылдаумыз керек. Бәріміз бірлесіп, санитарлық талаптарды бұлжытпай орындасақ қана, тез арада қауіпті індеттен құтылатын боламыз», – деді Қазақстан халқы ассамблея төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов.
Мамандар қазақстандықтарды барынша оқшаулануға шақырды. Аурудың белгілері байқалмаса да, арамызда симптомсыз науқастар көп. Оларға, сондай-ақ, коронавирустың жеңіл түріне шалдыққан пациенттерге амбулаториялық көмекті енді мобильді көшпелі бригадалар көрсететін болады. Бүгінде осындай 380 топтың жасақталғаны белгілі. Ал алдағы уақытта шамамен 3 мың бригада құру көзделіп отыр.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан