Алматыда дәрігерлер 94 жастағы профессордың жүрегіне ота жасап, өмірін сақтап қалды

Алматыда дәрігерлер  94 жастағы профессордың жүрегіне ота жасап, өмірін сақтап қалды
Инновациялық отаның ерекшелігі неде?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық дәрігерлер 94 жастағы науқастың жүрегіне жаңа әдіспен ота жасап, өмірін сақтап қалды. Инновациялық отаның ерекшелігі неде? Қазір пациент өзін қалай сезінеді? Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт біліп қайтты.

94 жастағы Валентин Хаксунович - математика ғылымдарының профессоры, 30 жылдан астам декан қызметін атқарған. Бүкіл ғұмырын ұстаздыққа сарп еткен ол 90-ға таяған шағында жүрек кемістігіне шалдығып, қосымша аурулар мазалаған. Дәрігерлер 19 наурызда жаңа әдіспен операция жасап, ота сәтті аяқталған.

«Бастапқыда келіспедім. Жасым болса 94-те, маған не керегі бар деп. Бірақ дәрігерлер жүрек қақпақшасына ота жасау қажеттігін айтты. Ұйықтап жатып, түк сезбейсіз деді. Расымен де, ештеңе сезбедім, еш жерім ауырмады. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Тіпті демікпем де жоқ», – деді ем алушы Валентин Ни.

19-20 наурызда жүректегі аорта қақпақшасын ауыстыру бойынша кардиохирургиялық операция жасауға қарсы көрсетімдері бар тағы 83 және 78 жастағы 2 науқасқа дәл осындай ота жасалған. Қазір барлығының жағдайы жақсы. Дәрігерлердің айтуынша, бұл әдіс - тек қарт адамдарға арналған және 95 пайыздан жоғары оң нәтиже беріпті.

Дәл қазір мұнда 57 жастағы ер адамның жүрегіне ота жасалуда. Бұл отаның ерекшелігі – науқастың ешқандай кеуде тұсы кесілмейді және жалпы анестезия салынбайды. Себебі егде жастағы адамдар мұндай ауыртпалықты көтере алмайды. Ең бастысы,  аяқ тұсындағы артерия қан тамыры арқылы арнайы аппараттың көмегімен жүзеге асырылады.

Инновацияны отандық медицинаға енгізу мақсатында былтыр Түркиялық мамандар қазақстандық кардиологтарға шеберлік сыныбын өткізген. Биыл отандық дәрігерлер бұл отаны алғаш өздері жүзеге асырған.

«3 науқаста да аорта қақпақшасының критикалық тарылуы. Бұл аорта қақпақшасы қызметінің бұзылуына алып келеді. Пациенттер егде жаста. Отадан кейін дер кезінде оянады, реабилитациясы тез өтеді, жеңіл өтеді», – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ рентгенхирургі, кардиолог Алмат Қалжанов.

Жалпы 2020 жылы қалалық Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында 8 науқастың жүрегіне эндоваскулярлық импланттау бойынша ота жасалған. Алдағы уақытта тағы 20 егде жастағы адамға осындай операция жасау жоспарланып отыр.  

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы


Новости партнеров