Елімізде жылдан-жылға көз аурулары көбейіп барады. Бұл туралы «Офтальмологиядағы дәстүрлер мен инновациялар» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға әлемнің 13 елінен жетекші мамандар жиналып, көз ауруларын емдеудің жаңа әдістері мен инновациялық технологиялары мәселесін талқылады. Конференция Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының 90 жылдық мерейтойына арналған.
– Бүкіл дүниежүзінде, соның ішінде Қазақстандада да көз ауруларының саны өсуде. Адамдар көп уақыт бойы экранға, дисплейге қарап уақыт өткізеді. Қазақстан азаматтарының көру денсаулығын бүкіл әлемдік деңгейге жеткізу мақсатында осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз, – деді Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Лұқпан Оразбеков.
Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында жыл сайын еліміздің барлық аймағынан келетін 100 мыңнан аса пациент ем алады. Осы жылдар ішінде институт кең ауқымды ғылыми-клиникалық зерттеу жүргізіп, көз ауруларын емдеудің озық әдісін енгізетін орталыққа айналды. 800-ге жуық білікті маман бас қосқан конференцияда офтальмологтар соңғы тенденцияларға тоқталып, зерттеуін бөлісуге мүмкіндік алды.
– Осы конференцияға қатысу үшін Үндістаннан арнайы келдім. Мен жетілмей, шала туған балалардың ретинопатиясымен айналысатын маманмын. Үндістан шала туатын балалардың саны жағынан 1-орында тұр. Олардың көбі өсе келе зағип болып қалады. Қазіргі жаңа әдістердің арқасында бұл мәселе шешімін тауып келеді. Бұл мәселе – Қазақстанда да өзекті. Осы жайлы баяндама дайындадым, – деді конференцияға қатысушы Ананд Винекар (Үндістан).
– Офтальмология саласы қарқынды дамып жатқанымен, шешілмей жатқан проблема өте көп. Конференция өзара тәжірибе алмасып, күрделі ауруларды емдеу жолын бірге іздеуге көмектеседі, – деді Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бас дәрігері Эльмира Қанапиянова.
Оқи отырыңыз: Сібір жарасы несімен қауіпті - маман кеңесі