«Алматы» телеарнасы өз көрерменіне ақсүйек өнер – айтысты ұсынады. «Біржан-Сара ізімен» деп аталатын 1 сағаттық бағдарламада көпшілік әзілмен көмкеріліп, әлеуметтік жайды қамтитын қыз бен жігіт айтысын тамашалайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қатысушылар тарихта аты қалған Жамбыл мен Айкүміс, Әсет пен Ырысжан, Біржан мен Сарадан бастау алған сара жолды жаңғыртып, аталған жанрды қайта түлетпек.
– Айтыстың сахналық безендірілуі көңілден шығып тұр. Айтыскерлер жақсы дайындықпен келген. Батыс пен Алтай арасындағы айтысқа талаптанып жүрген жас ақындар бақ сынап жатыр, – деді ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Қалиев.
Экранға екінші рет жол тартқалы отырған айтыс жанр алуандығымен ерекше болмақ. Ұлттық өнерді дәріптеп, сайысқа түскен айтыскерлер қыз бен жігіт қана емес, қайым, жұмбақ айтыс, өтірік өлең айтып, аламанда бақ сынайды. Ұйымдастырушылардың мақсаты – жаһандық кезеңде жастарды ұлттық құндылықты бағалап, ел мен жерді сүюге шақыру.
Айта кетейік, «Біржан-Сара ізімен» «Алматы» телеарнасында ертеңнен бастап көрсетілмек.
Оқи отырыңыз. Жаңа маусым: «Алматы» телеарнасы «727» телехикаясының тұсауын кеспек