Пандемия кезінде қазақстандықтардың емделуге жағдайы болмаған

Almaty.tv
Almaty.tv
Фармацевтикалық компания жүргізген халықаралық зерттеуге әлемнің 15 елі қатысқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Пандемия кезінде 58 пайыз қазақстандықтың емделуге жағдайы болмаған. Бұл Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш. Мұндай тұжырым STADA Health Report-тың халықаралық зерттеу нәтижелерінен кейін жасалып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі жылға жалғасқан пандемияда отандастарымыз ақ халаттылар қызметіне сеніммен һәм күдікпен қарай бастаған. Дегенмен, азаматтардың 61 пайызы ресми медицинаға сенетінін айтыпты.

Бұл жолы халықаралық зерттеу індет өршіген тұста азаматтардың денсаулығына қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын бағалады. Сауалнама жүргізу арқылы  азаматтардың ресми медицинаға деген көзқарасын анықтады.  Белгілі болғандай қазақстандықтардың тең жартысы ауруханаға, ақ халаттылардың қызметін жүгінеді. Коронавирустан кейін эпидемиолог, терапевт, фармацевт маманына сұраныс артыпты.

«STADA соңғы 8 жыл ішінде Еуропа елдеріндегі азаматтардың денсаулығына қатысты мәселелерді сараптап келеді. Биылғы есепке алғаш рет Қазақстан қосылып отыр. Мұнда халықтың медицинадағы цифрлы технологияларды жоғары бағалағаны байқалады. Тұрғындар QR-кодтарды пайдаланып, дәрі-дәрмекті онлайн сатып алуға бейімделген. Бұл Қазақстандағы цифрландыру деңгейі Еуропаға қарағанда жоғары екенін көрсетеді. Жалпы зерттеуге әр елден 2 мыңдай адам қатысты», – деді STADA компаниясының ТМД елдері бойынша директоры Арминас Мацевичус.

Сарапшы мамандар пандемия отандық медицинадағы біраз олқылықты көрсетіп бергенін алға тартады. Бір ғана мысал, сол кезеңде 58 пайыз қазақстандықтың емделуге жағдайы болмаған. Басы ауырып, балтыры сыздаған халықтың басым бөлігі дәрігерге дер кезінде бара алмаған. Басты себеп – қызмет құнын төлей алмау, ауру жұқтырып алам деген үрей.

«Тап осы халықаралық зерттеу біздің медицинаға үлкен өзгеріс алып келері анық. Жасыратыны жоқ вирустың өршіген кезінде елде дәрі тапшылығы болды. Медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі де байқалып қалды. Осылардан сабақ алып, кем-кетікті түзетуге мүмкіндік береді. Қазір өздеріңізде естіп отырсыздар, халық  денсаулыққа көңіл бөлуге ерекше мән береді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лариса Павловец.

Фармацевтикалық компания жүргізген халықаралық зерттеуге әлемнің 15 елі қатысқан. Барлығы 30 мыңнан астам респондент денсаулық сақтау жүйесі, халықтың жалпы денсаулығы мен тамақтану тәртібіне қатысты 43 сұраққа жауап берген.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров