Бүгінгі таңда емханада 5 жасқа дейінгі 5914 бала медициналық көмек алады
ЮНИСЕФ Алматы қаласында жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға патронаттық қызмет көрсетудің әмбебап озық үлгісінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін ЮНИСЕФ-тің Женевадағы аймақтық кеңесшісі Габриэль Фонтана және №26 қалалық емхана жанындағы әмбебап озық патронаж үлгісі республикалық үйлестірушілері жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға патронаттық қызмет көрсетудің әмбебап озық үлгісінің жұмысымен танысты.
Бүгінгі таңда емханада 5 жасқа дейінгі 5914 бала медициналық көмек алады, 467 әйел жүктілігі бойынша есепте тұр.
Кездесу барысында емхананың бас дәрігері Айгүл Тұрысбекова балаларды дамыту кабинетін, ресурстық орталықты, жастар орталығын көрсетіп, психолог, әлеуметтанушы, медбикелердің жұмысымен таныстырды.
Өкілдер әмбебап озық үлгінің жұмысына қатысты сауалдарын қойды, оған емхана қызметкерлері жан-жақты жауап берді.
Сондай-ақ, экскурсия аясында қонақтар кәсіби міндеттерін тиімді атқару мақсатында медицина қызметкерлері біліктілігін арттыратын оқу-симуляциялық орталықта болды.
2022 жылы «N26 қалалық емхана» Наурызбай ауданындағы «Үздік тәжірибе орталығы» болып таңдалған.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ЮНИСЕФ-пен 2017 жылы «Әмбебап озық патронаж үлгісі» пилоттық жобасын іске қосқан болатын.
Әмбебап озық патронаж үлгісі бойынша республикалық үйлестіруші Наталья Кимнің айтуынша, жоба балалар мен сәбилер өлімін, шала туу мен сырқаттанушылықты азайтуға бағытталған.
«Үйде қарау қызметі баланың жан-жақты дамуына, бала жарақатын азайтуға, отбасылық қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл үлгі денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметтеріне әлеуметтік осал және оқшауланған отбасыларды тартады», - дейді ол.
Қазақстанға ғана тән әмбебап озық патронаж үлгісі осы уақытқа дейін Алматыда нәресте өлімі бойынша айтарлықтай нәтиже көрсетті.
Франциядан келген қонақтар емхана ұжымын табысты жұмысымен құттықтап, алғысын білдірді.