Атырауда маусымдық аллергия өршіп тұр. Егде жастағы адамдар арасында жағдай ушыққан. Дәрігерлер құнарсыз тамақ, нашар экология мен қаулап өскен арамшөп жағдайды асқындырып жіберетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жетпіске таяған зейнеткер Лауқа Мұқатова күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Оның айтуынша, аптап ыстықтағы шаң-тозаңмен экологияға тараған түрлі зиянды қалдықтардың кесірінен аллергиясы ушығып кеткен. Салдарынан тұрғын күні-түні түрлі қоспа майды жағып, бөртпеге қарсы дәрілерді қабылдап жүр.
– Көзім де, мұрным да қышиды. Экологияның әсері сияқты. Жазда шаң, топырақ бар. Түнімен ұйықтай алмаймын, көзім жасаурайды. Қызарып кетеді, таңға дейін ұйықтамай отыратын күнім көп. Дәрігерлердің айтқан кеңесіне құлақ түрдім, түрлі қоспа май жағамын, – деді қала тұрғыны Лауқа Мұқатова.
Өңірде аллергияның күрт өршігенін дәріханалардағы сұраныстан да байқауға болады. Фармацевтер емізулі баласы барлардың да маусымдық реакцияға қарсы ем іздеп келетінін айтты. Биыл әсіресе аллергияға арналған дәрілер қымбат болса да арты-артынан сатылып жатыр. Ал өңірде дәрігерлер көмегіне соңғы екі айда 100-ден аса науқас жүгінген. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда аллергия жаз бен күз айларында асқынады. Бірнеше фактор әсер етеді.
– Әр маусымда гүлдейтін түрлі шөп әсер етеді. Көзі қызарып, мұрыны бітеліп келген науқастар көп. Маусымдық аллергия өршіп барады. Шілдеден бастап, қазанға дейін жалғасады, – деді аллерголог Сарбиназ Нұртасқызы
Гүлдеп өскен жасыл желекке, арам шөпке аллергиясы бар жандар үшін нағыз азап. Сондықтан, мамандар аллергиясы бар тұрғындарға қоғамдық орындарда бетперде киіп, үйді жиі тазалап тұруға кеңес береді.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бойынша өтінім қабылдау қашан басталады