Елордалық дәрігерлер аса күрделі ота жасап, жүкті әйелді сәбиімен бірге аман алып қалды

Елордалық дәрігерлер аса күрделі ота жасап, жүкті әйелді сәбиімен бірге аман алып қалды
Аталған операцияның тек миллионнан бірі ғана сәтті өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордалық дәрігерлер тек миллионнан бір рет сәтті өтетін ота жасап, 32 жастағы жүкті әйелді аман алып қалды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жүрек пен басқа ағзаны байланыстыратын қолқа артериясы үзілген келіншек ауыр жағдайда ауруханаға түскеніне қарамастан хирургиялық көмектен кейін алты айлық нәрестесі аман-есен дүниеге келген. Он сағаттан артық өмірі үшін күрескен жас ананың дерті бойының ұзындығынан болған екен.

32 жастағы Наиля Алиева елордадағы №1 ауруханаға жеткізілген. Таң ата түскен келіншекті дәрігерлер тексеріп, оның жүрегіндегі қолқа артериясы, қан тамыр жолы үзілген деген шешімге келген. Сағатттар емес, минуттар науқастың өмірін шешкендіктен, оған шұғыл ота жасалу туралы шешім шыққан. Жалпы хирургяилық көмек 13 сағатқа созылды.

Наиля Алиева осыдан екі ай бұрын болған отаны жылап еске алады. Тұңғышын сүюге асыққан әйел бала кезінде жүректің мазалағанын сезсе де, ешқашан аяқасты құлатады деп ойламаған. Жүктілігіне алты ай болғанда жансақтау бөлімінен біра-ақ шығыпты. Бұған себеп – Марфан синдромы. Бұл жүректен барлық ағзаға қан айдайтын қолқа қан артериясы, яғни қан жолының үзілуі дегенді білдіреді.

«Мен өзімді күннен күнге жақсы сезініп келем. Бірақ, дәрігерлер ағзам қалпына келуі үшін әлі жарты жылдан артық уақыт керек дейді. Мен ол күндерді еске алғым келмейді. Әрине, қазір жүріп-тұру қиындау. Бастысы – балам екеуміз аманбыз», - дейді Наиля АЛИЕВА.

Науқасқа ота жасаған дәрігер – Сейіл Мұхаметқалиев. Алғашында Наиляның жағдайы өте ауыр болды дейді ол. Маман хирургиялық ота кезінде жүрекпен байланысты қолқа мен күре тамырларын ауыстырған.

«Әйелдің жағдайы өте ауыр болды. Жүкті болғаннан кейін бізге екі бірдей адамның өмірі үшін күресуге тура келді. Не істедік? Біз басты артерия, қолқа тамырын өзгерттік, күре тамырын да жаңадан салдық, қан айнылымын да реттедік. Бірінші кезекте кесарь тілігін жасадық. Бала аман-сау. Қыз бала дүниеге келді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы №2 көпбейінді ауруханасының жедел кардиология және кардиохирургиялық орталығының жетекшісі Сейіл МҰХАМЕТҚАЛИЕВ.

Сол күнді Наиля Алиеваның нағашы ағасы Әскер Периев те еске алғысы келмейді. Тек ақ халатты абзал жандарға рахметтен басқа айтары жоқ.

«Мені қуантатыны – дәрігерлердің өздеріне жауапкершілік алып, науқастың жағдайын ойлап, сондай маңызды шешім қабылдағаны. Бұл олардың аса тәжірибелі екендігін көрсетіп тұр. Операцияны бір емес, екі аурухананың дәрігерлері жасады», - дейді Н.Алиеваның нағашы ағасы Әскер ПЕРИЕВ.

Тұңғышын сүйген Наиля күннен күнге өзін жақсы сезініп келетінін айтады. Дегенмен, толықтай күш жинау үшін әлі де көп уақыт керек. Сәбиінің есімін Азалия деп қойған ана бүгін ғана туу туралы куәлікті қолға алыпты.

Новости партнеров