Елімізде жүректің қолқа қақпақшасын ауыстыру үшін биологиялық протез қолданылды

Алматы телеарнасы
Алматы телеарнасы
Ота 2 науқасқа жасалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде алғаш рет жүректің қолқа қақпақшасын ауыстыру үшін биологиялық протез қолданылды. Ерекше ота Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәл қазір жүректің қолқа қақпақшасын ауыстыру мақсатында ота жасалып жатыр. «Биологиялық протез оңай жұмыс істейді әрі беріктігімен ерекшеленеді» дейді дәрігерлер. Шамамен 4 сағатқа созылатын отаны Сауд Арабиясынан келген профессор жасайды.

Бұл күрделі отаны жылына 200-ден астам науқас жасатуға мұқтаж. Дәрігерлер халық шетел асып, ем іздемеуі үшін Сауд Арабиясынан мықты маманды шақырған. Басты мақсат – профессордан жаңа үлгідегі жүрекке арналған биологиялық протезді орнатуды үйрену.

«Осы сапарымда 2 науқастың жүрегіне ота жасап, өз тәжірибемді бөлісемін. Сауд Арабиясындағы мен басқаратын клиникада жылына осындай ота түрі 500-ден астам адамға жасалады. Нәтижесі өте жақсы. Ота кезінде протез жүрекке қабырға тұстан тесілген тесік арқылы орнатылады. Яғни, инвазивті әдіс қолданылады. Сондықтан, науқастың қалпына келуі де тезірек болады», – деді кардиохирург Мұхамед Саллах Алрешхидан (Сауд Арабиясы).

«Ол тек Сауд Арабиясы емес, бүкіл елде ота жасап жүр. Ең бірінші мақсат – біздің дәрігерлерді үйрету. Ары қарай дәрігерлер өздері осындай ота жасап, ҚР азаматтарына көмек көрсетіп, емделуге көмек береді», – деді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Марат Пәшімов.

Биологиялық протез 52 және 60 жастағы 2 науқасқа орнатылды. Осыған дейін олар жүрек тұсының ауыратынын, демнің жетіспейтінін және физикалық қозғалыс кезінде ентігетінін айтып, стационарда ем қабылдаған. Кейін науқастарға осы ота түрін жасау ұсынылыпты. Бұл заманауи клапан бүкіл әлемдегі 40 жылдық тәжірибені ескере отырылып жасалған.

«Бұл протездің басқа биологиялық протездерден айырмашылығы ұзақ жұмыс істейді. Ол себебі заманауи технологиямен жасалған. Оны жастарға да қоюға болады, бұрын оларға механикалық протез қоятынбыз», – деді Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

Отадан соң науқас қалыпты өмірге тезірек оралады. Өйткені жаңа буындағы протезден кейін тыныс алу жеңілдейді, оған қоса ұзақ уақыт бойы корсет кию қажет емес. Тағы бір айта кететін жайт, жүрегіне биологиялық протез орнатылған науқастың қан сұйылтатын дәрі ішпеуіне де болады.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы 

Новости партнеров