Оралда қоқыс жәшігіне жаңа туған баласын тастап кеткен ана табылды. Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әйелді танитындардың айтуынша, оның үш баласы бар. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Надежда көшесі 66-үйдің алаңындағы қоқыс өртейтін жәшіктен полиэтилен пакетке оралған жаңа туған сәбиді алдымен осы ауданның тұрғындары байқаған екен. Шақалақты алып, орамалға орап, дереу жедел жәрдем мен полицияға хабарласқан. Көпшілік баланың аман қалғанына қуанады.
«3 минуттай тұрдым. Бала екенін көрініп тұр. Өзім «бала аман ба, жоқ па?» деп алаңдап тұрдым. Қолыма алып, орамалға орадық, бала демала алмай жатыр», – деді қала тұрғыны Дамир Қожанғалиев.
Таңғы сағат 7:00-де нәрестені шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы орташа-ауыр. Ауруханаға жеткізілген сәтте оған алғашқы көмек көрсетілген. Ақ халаттылар көп жағдайда туа салысымен суықта қалған нәрестелердің өмір сүрмейтінін айтады. Алайда көрер жарығы сөнбеген сәбиді дәрігерлер «Құдайберген» деп атап кетіпті. Олардың айтуынша, ұл бала уақытылы дүниеге келген, салмағы мен бойы қалыпты. Бөбек суық жерде 7-8 сағат жатып, қос өкпесіне суық тиген.
«Балаға қазір алдын ала екіжақты пневмония диагнозы қойылып тұр. Бас миының гипоксиясы, орталық жүйке жүйесінің зақымдалған. Соған байланысты ем алып жатыр. Бүгінгі күнде баланың жағдайы бірқалыпты, дене қызуы қалыпқа келді», – деді БҚО Көпбейінді балалар ауруханасының директоры Мақсат Оразбаев.
«Қазіргі кезде ҚР ҚК 119-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Баланың анасы анықталды. Тергеу жүргізіліп жатыр», – деді БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Лунара Аманғалиева.
Көкек ананың баласын неліктен қоқысқа тастағанын әрі қарай полиция анықтайды.
Айнара Иса, Юри Оспенко, «Алматы» телеарнасы