|
15.05.2022 | 18:39
64377

Білікті дәрігер, білгір хирург Ғани Берістемов қайтыс болды

Ол жан-жақты білімді, біліктілігі мен табиғи дарыны қатар ұштасқан үлкен жүректі дәрігер болды

Білікті дәрігер, білгір хирург Ғани Берістемов қайтыс болды пресс-служба ГКБ №7

 Алматыда №7 қалалық клиникалық ауруханасының үздік хирургі, жоғары кәсіби маман, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері, №1 шұғыл хирургия бөлімшесінің  меңгерушісі Ғани Тамиұлы Берістемов 55 жасқа толған шағында ұзақ аурудан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv №7 қалалық клиникалық ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ғани Тамиұлы 1967 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Екі  баланың әкесі.

1992 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бітірді, содан кейін Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында хирург дәрігері болып еңбек жолын бастады. Ұзақ жылдар бойы Алматы қаласындағы Орталық қалалық клиникалық аурухана мен №7 қалалық клиникалық ауруханадағы хирургиялық бөлімшелерді басқарды. Ұзақ жылдар хирургия бөлімшесіне басшылық етті.   

Денсаулық сақтау саласына аянбай қызмет ете жүріп, ол өзінің білімі мен біліктілік деңгейін үнемі арттырып отырды. ҚазМҮББУ, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ базасында мамандығы және аралас дисциплиналар  бойынша білім жетілдіру  оқыту циклдерінде оқыды. Сонымен қатар,  халықаралық және республикалық ғылыми кеңестерге, тәжірибелік   және  практикалық конференцияларға, семинарларға, шеберлік  сағаттардың  жұмысына  қатысты. Диагностика мен емдеудің озық әдістері бойынша алған білімдерін күнделікті клиникалық  практикада сәтті қолданды.1999 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

  Ол жан-жақты білімді, біліктілігі мен табиғи дарыны қатар ұштасқан  үлкен жүректі  дәрігер болды.

 Ғани Тамиұлы Берістемов өмірінің 30 жылын медицина мен халыққа    қызмет етуге арнады. Ол адалдығымен, еңбекқорлығымен және жоғары жауапкершілік қасиетімен ерекшеленді. Тәлімгер ретінде жас дәрігерлермен үнемі өз тәжірибесін бөлісті.  Оның  еңбек жолының 10 жылы  бір медициналық ұйымда – Алматы қаласының №7 қалалық клиникалық ауруханасының қабырғасында өтті.

Әріптестері, клиниканың барлық қызметкерлері және  пациенттер  Ғани Тамиұлын кәсіби біліктілігі, жоғары адами қасиеттері, адамдарға деген ілтипаты қарым-қатынасы үшін жоғары бағалады, әрі құрметтеді.

Денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі үлесі үшін алған мемлекеттік марапаттары:

«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі  (2017 ж.), «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2011 ж.), Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хаты, «Алтын Дәрігер» төсбелгісі, «Отанға сіңірген еңбегі және Айрықша еңбегі үшін» ордені, «Парыз, Абырой, Отан» мерейтойлық медаль,  «Көп жылғы адал еңбегі үшін, Чернобыль және жергілікті соғыс ардагерлеріне ілтипат пен қамқорлық үшін» Құрмет грамотасы.

"№7 Қалалық клиникалық аурухана ұжымы осындай жанның біздің қатарымызда болғанын мақтан тұтып, таңдаған  дәрігер мамандығын қалай атқару  керегін және азаматықтың жоғары  үлгісін көрсетіп кетті.

Орны толмас, мезгілсіз қазаға ортақтаса отырып,  Ғани Тамиұлының отбасы мен жақындарына қайғырып  көңіл айтамыз. Ол туралы нағыз кәсіпқой, жанашыр адам, дос, әріптес ретіндегі жарқын естеліктер жүрегімізде мәңгі сақталады" делінген хабарламада.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир