|
21.07.2023 | 18:48
770

Елде жұқпалы ішек ауруларына шалдыққандар көбейген

Мамандар инфекцияның алғашқы белгісі білінсе, бірден дәрігерге қаралуды ескертеді

Елде жұқпалы ішек ауруларына шалдыққандар көбейген den-der.kz

Елде жұқпалы ішек ауруларына шалдыққандар көбейген. Аталған инфекцияны жұқтырғандардың 80 пайызы бала, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылдың өзінде бұл індетті жұқтырғандардың саны 6 мыңға жуықтаған, оның 4400-і бала. Бұл ресми сан. Бірақ балтыры сыздап, басы ауырса да ауруханаға асықпайтындар көп. Ішек инфекциялары анадан балаға сүт арқылы жұғатындықтан сәбилерден де вирус көп анықталады. Энтеровирусты инфекция жиі кездеседі.

– Асқазан-ішек жолдарының қабынуымен көрініс табуы мүмкін. Дене қызуы көтеріледі. Балада құсу, температурамен қатар іш өтуі байқалуы мүмкін. Денесіне бөртпе шығып жатады. Көптеген клиникалық көріністері бар. Соның ішінде герпетикалық баспа түрінде өтуі бар. Демек, ауыз жұтқыншақта көпіршікті энантемалар пайда болады, – деді Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева.

Ауру әсіресе, мамыр мен қазан айының арасында өршиді. Бастапқы белгілер 2-10 тәулік ішінде, ал инкубациялық кезең 7-күнге созылады екен. Бұл кезде науқастың дене температурасы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

– Инфекцияның таралу аймағы – су бұрқақтары мен бассейн маңы. Сол үшін рұқсат етілген таза суда шомылып, гигиена сақтаңыздар. Жеміс-жидектерді жақсылап жуып, тек таза суды тұтынған абзал, – деді  эпидемиолог Алина Абирова.

Мамандар инфекцияның алғашқы белгісі білінсе, бірден дәрігерге қаралуды ескертеді. Өйткені дер кезінде ескерілмеген вирус өзге де органдарды зақымдайтын көрінеді.

– Еміне келетін болсақ, арнайы спецификалық вирусқа қарсы ем жоқ. Балада патогенетикалық ем жүргізіледі. Температурамен, интоксикациямен, улану белгілерімен күресеміз. Жалпы, сусыздану болса, соны тоқтатамыз, – деді Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде күн сайын балалар мен ересектер арасында 275 миллион ішек ауруы тіркеледі. Айта кетейін аталған вирус алдымен асқазан ішек жолдарын қатты зақымдайды.

Аяулым Айболқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир