Бірегей ота, бірегей әдіс. Елімізде көздің мүйізгек қабығын алмастыру бойынша операция жасалып жатыр. Ол үшін америкалық мамандар Қазақстанға келіп, отандық офтальмологтарға «Кератопластиканың заманауи аспектілері» атты халықаралық шеберлік сағаттарын өткізуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл бастамаға Денсаулық сақтау министрлігі мұрындық болып отыр. Жалпы тәжірибе алмасу барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы 6 адамға, Алматыда 5 пациентке инновациялық әдіспен тегін ота жасалып, көздерінің мөлдір қабығы ауыстырылды. Енді олардың көзі 100 пайыз көретін болады.
«Мен секілді көзі көрмейтін адамдар өте көп. Сондықтан елге америкалық дәрігерлер келді дегенді естіп, қатты қуандым. 2 күн бұрын көзімнің мөлдір қабатына тегін ота жасалды», – дейді зейнеткер Болат Тапалов.
Жалпы елімізде көзі көрмейтін науқастарға донорлық мүйізгек қабықты орналастыру жөніндегі бағдарлама 2018 жылы енгізілген еді. Алайда пандемияға байланысты оқыту, тәжірибе алмасу жұмыстары тоқтап қалды. Бүгінде қайта қолға алынған бастама аясында 1500-ден аса пациентке тегін ота жасау жоспарланып отыр. Ал бірегей операцияларды отандық Galamat Integra компаниясы мен әлемдегі ең ірі көз банкі қаржыландыратын болады. Осы ретте еліміздің Денсаулық сақтау министрі де америкалық дәрігерлер делегациясымен кездесіп, саланың дамуын қолға алатынын мәлімдеді.
«Бүгінде біз трансаплантация бойынша бағдарламаны 60-тан аса мемлекетте жүзеге асырамыз. Соның ішінде Қазақстанмен 2018 жылдан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Алдағы уақытта біздің жоба көзі көрмейтін мыңдаған жанға көмек боларына сеніміміз мол», – деді «LEITR» клиникалық инновациялық даму жетекшісі (АҚШ) Эрик Абдуллаев.