Алматылық компаниялар «Алтын сапа», «Парыз» және «Ickep» сыйлықтарының иегері атанды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының 7 компаниясы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа», «Парыз» және «Ickep» сыйлықтарының иегері атанды. Сонымен қатар «Qazaqstan Project Management Awards-2021» ұлттық байқауында да алматылықтар жеңіс тұғырынан көрінді. Жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Мемлекет басшысы бейнебайланыс режимінде қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.            

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде отандық бизнестің елімізді индустрияландыру үдерісіндегі үлесі туралы айта келе, соңғы 10 жылда өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласының көрсеткішінен асып, 13 пайызға жеткенін атап өтті. Президент өз Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру міндетін жүктегенін еске салды.  

«Бүкіл еліміз бойынша 1500 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл мақсатқа 9 триллион теңгеден астам инвестиция жұмсалды. 220 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 3 есе өсіп, 15,4 миллиард долларға жетті. Қазақстанда өңделген өнімдер бүгінде 131 мемлекетке экспортталады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айта кетейік, «Алтын сапа» байқауы 15 жылдан бері өткізіліп келе жатыр және бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанған. Биыл жеңімпаздардың ішінде алматылық компаниниялардың көп болуы аймақта ірі және орта бизнестің қарқынды дамып жатқанының көрінісі дейді мамандар.   

«Биыл Алматы әкімдігі Qazaqstan Project Management Awards-2021 байқауында екі алтын марапатқа ие болды. Жергілікті атқарушы органдар санаты бойынша «Жылдың үздік жобасы» аталымында танылды. Бірінші рет қатысып, басқармамыз осындай жетістікке жетті. Біздің атқарып жатқан жұмысымыздың мақсаты – халыққа қолайлы әрі жайлы өмір сүруге жағдай жасау», – деді Qazaqstan Project Management Awards-2021 ұлттық байқауының жеңімпазы Аида Дәрменова. 

«Біз үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында осындай жүлде алу – үлкен мәртебе. Біз сапа үшін жұмыс істейміз. Сондықтан жеңіске жететінімізге күмәнданбадық. Ресейде танымалмыз. Енді Қазақстанда марапатқа ие болғанымызға қуаныштымыз. Біз күніне 1 миллион зертханалық диагностика жасаймыз. Бұл елде 7 жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз», – деді «Алтын сапа» байқауының жеңімпазы Фуат Дивеев.

Новости партнеров