Алматыда дәрі-дәрмек нарығындағы жағдай тұрақты: Дәріханаларға күнделікті қажетті препараттар жеткізілуде

Almaty.tv
Almaty.tv
Шілде айының соңына дейін мегаполис дәріханаларының сөрелері үш миллионнан астам дәрімен толығатын болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда дәрі-дәрмек нарығындағы жағдай тұрақтанып келеді. Қаладағы 105 дәріханаға күнделікті қажетті препараттар жеткізу жұмыстары қарқын алуда. Шілде айының соңына дейін мегаполис дәріханаларының сөрелері үш миллионнан астам дәрімен толығатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Алматыда қауіпті індеттің өршуі салдарынан тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмекке деген сұраныс артқан. Сәйкесінше, 1 шілдеден бастап қала билігі медициналық препараттарды дәріханаларға шұғыл жеткізу ісін қолға алды. Бүгінде қаладағы дәріханалар қажетті дәрілермен үздіксіз толықтырылуда. Дәріхана басшыларының айтуынша кез келген қоймаларда дәрі қоры жеткілікті. Бірақ сұраныстың артуынан 2 сағат ішінде сатылып кетеді.

«Бізге тауар әрбір сағат сайын келіп жатыр. Дәріханада сұранысқа ие препараттар бар. Олар таусылған жағдайда, провизорларымыз соның баламасына сұраныс жасайды. Себебі әр препараттың орнын өзге дәрімен ауыстыруға болады. Тұтынушылар саны күн санап артуда. Тіпті, дәрігердің нұсқауы бойынша келетіндері бар, өз беттерімен алушылар да көп», – деді № 2 орталық дәріхананың директоры Айгүл Тілеубердина.

Қала аумағында дәрілер бағасының шарықтап кетпеуі мен жеткілікті болуын қадағалайтын мониторингілеу топтары да жұмыс істеуде. Медициналық препараттарды заңсыз сатқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал, фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы өкілдері дәріханаларда санитариялық талаптардың сақталуын қадағалайды.  

«Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің жарлығына сәйкес, қашықтан оқшаулау болуы керек. Сондықтан дәріхана ұйымдары сары сызықтар мен қызыл түсті жолақтар арқылы арақашықтық белгілеп қойған. Көшеде де солай болуы керек. Ал, әлеуметтік желілерде тараған дәріханалардағы тәртібі жоқ кезектердің видеосы – тұрғындардың бұл ережені сақтамайтынына дәлел. Сондықтан, құрметті алматылықтар, қауіпті індетпен күресте тиісті талаптарды сақтауларыңызды сұраймыз», – деді Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының басшысы Марина Дурманова.

Қазіргі уақытта дәріхана қоймаларында жалпы саны 1 миллионнан астам дәрі-дәрмек бар. Соның ішінде сұранысқа ие 170 мыңнан астам аспирин мен 84 мың кардиомагнил және ибупрофен, амоксиклав, парацетамол секілді маңызды препараттар қоры дайын тұр.

Ал, қаладағы әрбір ірі дәріханаларда қажетті медициналық препараттарды алу үшін келген тұрғындардың ұзын-сонар кезегін байқауға болады. Десе де бұл дәрі тапшылығынан емес, керісінше, тұтынушылар арасында тиісті 1,5-2 метрлік арақашықтықтың сақталуынан орын алған. Сондай-ақ, бұл талап – қала аумағындағы барлық дәріханаларда қатаң сақталған және қала билігінің тапсырмасымен мегаполистегі 105 дәріхана күнделікті қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Ендеше, расымен де, ауадай қажет дәрілер жеткілікті ме? Бұл сауалға жауапты тұтынушылардан сұрап көрсек.

БЛИЦ:

–  Антигриппин алдым. Бағасы 490 теңгеден.

–  Ал, сізге қандай дәрілер керек еді?

–  Маған осылар керек болған негізі. Осыларды алдым. Керек нәрселердің бәрін осы жерден таптым.



–  Жазып бергенін алып шықтым.

–  Бәрі антибиотик пе?

–  Антибиотик қой.


–  Иә, алдым. Міне, көрсетейін. Асперин мен парацетамол. Бәрі бар.

–  Қаншадан екен бағасы?

– 150 теңгеден екеуі де.


Ал, басқа ірі дәріханалар желісінің басшысы фармацевттер дәрі-дәрмектердің бағасын көтеруге мүдделі емес дегенді алға тартты. Пандемия кезінде шет елден дәрі-дәрмектерді жеделдетіп алдыруға барынша көмек көрсеткен қала әкімдігі медициналық заттар нарығында қалыпты бағаны белгілеген. Тек, дүниежүзінде дәрі-дәрмекке деген сұраныстың артуы салдарынан өндірушілер олардың бағасын өсіріп жіберіпті. Сондай-ақ, препараттар тапшылығы шаһар аумағында жеткілікті екеніне тоқталды. Десе де халықтың үрейге бой алдыруынан дүрбелең туатын көрінеді.  


«Коронавирус індеті көпшілік арасында қорқыныш тудыруына байланысты, тұрғындар дәрілерді ауырмаса да алып жатыр. Кейбіреулері тіпті алдын ала профилактика жасау үшін дәрумендер сатып алып жатады. Бұл – денсаулыққа зиян. Мүның бәрі дәріханаларда кезек санын арттырады. Сондай-ақ, дәрі қоры жеткілікті. Бірақ қоймаларда және дәріханаларда қызметкерлердің сырқаттануына байланысты жұмыс күші азайды. Құжаттармен де жұмыс көп. Осы себептен де дәрілер уақытымен жетпей қалуы мүмкін», – деді дәріханалар желісінің директоры Қайрат Әубәкіров.

Жалпы қала аумағындағы дәріханаларға 1 шілдеден бастап 475 мың маңызды дәрі түрі сатылған. Күн санап, тұтынушылардың көбеюімен, қазір жағдай қала әкімшілігінің бақылауына алынған. Сондай-ақ, шілде айының соңына дейін мегаполиске үш миллионнан астам медициналық препараттар жеткізілетін болады. Ал,қала тұрғындардың қажет болмаған жағдайда дәрі алуға асықпағаны абзал дейді, мамандар.

Аяулым Көлжігіт, Ескендір Тоғысбаев, Айдос Байназаров, «Алматы» арнасы

Новости партнеров