Елімізде тағы бес медициналық препарат есірткі ретінде есептелуі мүмкін. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді. Бұйрық 7 желтоқсанға дейін талқыланады. Ал егер заңды күшіне енсе, бұл препараттарды арнайы рұқсаты бар дәріханалардан ғана алуға болады. Тізімге қандай дәрілер енуі мүмкін? Оларды тексеру жұмыстары қалай жүргізіледі? Осы және өзге де сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Талғат Хамзин жауап береді.
– Талғат Жасұланұлы, елімізде 5 медициналық препаратқа тыйым салынуы мүмкін. Олар қандай дәрі-дәрмектер?
– ІІМ есірткі мен прекурсорлардың тағы тоғыз атауын мемлекеттік бақылауға енгізу жөніндегі үкім қаулысының жобасын әзірледі. Бұл тізімде мемлекет бақылайтын мыңнан астам зат бар. Қазір оған есірткінің тағы 8 атауы енгізіледі. Бұл - брорфин, метонитазен, клоназолам, диклазепам және есірткі өндірісінде қолданылатын бір прекурсор.
«Есірткі психотроптық заттар мен прекурсорлар» туралы заңның 2-бабына сәйкес, заттарды бақылауға енгізу төмендегі негіздердің бірі бойынша жүзеге асады:
1. БҰҰ-ның Есірткіні бақылау жөніндегі халықаралық комитетінің ұсынысы келіп түскен кезде;
2. ЕЭО елдерінде бақылауға жататын есірткі, прекурсорлардың тізімінде болса;
Бұл заттар БҰҰ 1961 жылғы есірткі және 1970 жылғы психотроптық заттар туралы конвенциясына сәйкес халықаралық бақылауда есірткі құралдарының қатарына енгізілген. Бұдан бөлек, ЕЭО-тың шешімімен биылғы қыркүйекте аталған заттар ЕЭО-да бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізбесіне енгізілді. Осы халықаралық деңгейде аталған есірткілер медициналық мақсатта пайдалануға тыйым салынған және бақылаудағы заттардың тізіміне енгізілген.
– Бұйрық 7 желтоқсанға дейін талқылауда болатыны белгілі. Ал толық шектеу қойылған жағдайда бұл препараттарды қолданған азаматтарға қандай шара қолданылады?
– Осы заттардың заңсыз айналымы ҚР Қылмыстық кодексінің және Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің талаптары бойынша жауапқа тартылады.
Оқи отырыңыз: Бағалы металдың заңсыз айналымымен айналысқан топ анықталды