Интернеттегі қауесеттің бәріне сене берудің қажеті жоқ - дәрігер

06.12.2023 00:12

Тұмау жұқтырғандар саны былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 52 пайыз жоғары

Almaty.tv

Биыл жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау жұқтырғандар саны былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 52 пайыз жоғары. Мамандардың айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, желіде жаңа вирус жайлы қауесет тарап жатыр.  Шынымен шетелден келген белгісіз вирус бар ма? Одан келер қауіп қандай? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының қонағы белгілі пульмонолог, жоғары санаттағы дәрігер Абзал Дүйсенбекұлы жауап береді.

Абзал Дүйсенбекұлы, қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанымен, желіде жаңа вирус жайлы қауесет тарап жатыр. Шынымен шетелден келген белгісіз вирус бар ма?

– «Қытайда, Ресейде көп адам ауырып, көз жұмып жатыр екен. Дәрігерлердің шамасы келмей жатыр» деген қауесет тарап, қоғамда үрей туғызып отырған сұрақтар пайда болған.

Күз аяқталып, қысқа басталатын кезең. Адам көп ауырып жатыр. Бірақ олар ауруханаға сыймай жатқан жоқ. Екіншіден, тамақтың ауруы, екі аптадан ұзақ жөтелу, дене қызуының көтерілуі сынды ауру белгілері ұқсайды. Әрине, рентген және КТ жасаған кезде өкпесінен өзгеріс байқалып жатыр. Нақты вирус деп айта алмаймыз. Ол – тұмау немесе коронавирус штамдары кезінде пайда болатын пневмония түрлері. Қазіргі таңда сәтті емделеді. Одан ешкім көз жұмып жатыр деп айта алмаймыз. Интернеттегі қауесеттің бәріне сене берудің қажеті жоқ.

Ал карантинге келсек, ешқандай шектеу жоқ. Жаңа жыл келе жатыр. Көп адам жиын өткізеді. Сол кезде жалғыз коронавирус емес, басқа да ауруды жұқтыру қаупі бар. Бетперде тағып, сақтанып жүрсе, ауру да азаяды.

Оқи отырыңыз: Алматылық нейрохирургтер инсульт алған науқасты аман алып қалды