Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері күрделі ота жасап, 69 жастағы науқасқа қайта өмір сыйлады. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
ОҚКА баспасөз қызметінің мәліметінше, науқас ауруханаға шұғыл түрде жеткізілген. Дәрігерлер науқастың неврологиялық ауытқуын сонымен қатар сол жақ аяғы мен қолы жансызданып, қимылдамай қалғанын байқаған.
Кезекшіліктегі невропатолог, нейрохирург, анестизиолог дәрігерлер бригадасы шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдаған.
«Ишемиялық инсульт болғандықтан қауіп күшейді. Операция жасалды, селективті церебралды ангиография мен мидың ортаңғы күретамырындағы ұйыған тромбты алып тастадық», - дейді Ермек Сүлейменов.
Нейрохирургтердің біліктілігінің арқасында ұйыған қан алынып, мидың ортаңғы күретамырындағы қан айналымы қалпына келді. Бас сүйек пен мидағы жүйке талшықтары да толық қалыпқа келді.
Бір аптадан кейін пациенттің жансызданған аяғы мен қолы қозғала бастады. Қозғалыс күші арнайы баған бойынша төрт балға жетті, бұл өз кезегінде науқасты ауыр мүгедектіктен сақтайтын көрсеткіш, дейді маман.
МӘМС арқылы жасалған ота 1 сағат 10 минутта аяқталды. Бұл аурухана мамандарының біліктілігін ғана емес, сын сағатта қабылданған шешімнің де тиімділігін көрсетті.