№2 қалалық перинаталдық орталықтың патология бөлімінің меңгерушісі Станислав Борисевич жетілмеген жүктіліктің алғашқы белгілері туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маманның айтуынша, жетілмеген жүктілікті өз бетінше анықтау мүмкін емес.
"Болашақ ана токсикоздың кенеттен тоқтауы, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсынуы, жыныс жолдарында дақтардың пайда болуы, кеудедегі ауырсынудың қоюы сияқты белгілерді сезінуі мүмкін, мысалы, әйел сүт бездерінің "құйылуы" тоқтап, мөлшері төмендей түскенін байқауы мүмкін. Көбінесе жетілмеген жүктілік қысқа мерзімде болады. Бала біткен уақыттан бастап 8-аптаға дейін эмбрионның дамуындағы ең маңызды және шешуші кезең. Дәл осы уақытта ауыр ақаулар мен өлімге әкелетін генетикалық мутациялар пайда болуы мүмкін", - дейді Станислав Борисевич.
Жетілмеген жүктілік диагнозын тексеру негізінде тек дәрігер қоя алады. Тексеру кезінде гинеколог жүктіліктің болжамды кезеңінен жатырдың мөлшерінің артта қалғанын байқайды. Бірақ жетілмеген жүктілікті анықтаудың негізгі әдісі - ультрадыбыстық зерттеу.
"Егер сіз осы нәрселерді байқасаңыз, жағдайды нақтылау және уақтылы шаралар қабылдау үшін шұғыл түрде гинекологқа көрініңіз. Дәрігер диагнозды растау немесе күдікті жоққа шығару үшін УДЗ және қан анализін тағайындайды", - дейді маман.
Станислав Борисевич жетілмеген жүктіліктің не себепті болатынын да атап өтті.
"Бірінші триместрде жетілмеген жүктіліктің негізгі себебі генетикалық мутациялар болып табылады, өкінішке қарай, біз оған әсер ете алмаймыз. Сондай-ақ, осы кезеңде эмбрионға жағымсыз сыртқы факторлар көбірек әсер етеді, сондықтан жүктілікті жоспарлау және салауатты өмір салтын қатаң сақтау маңызды: алкогольден бас тарту, дәрігердің кеңесінсіз дәрі-дәрмекті қабылдамау, рентген сәулелеріне негізделген зерттеулерді кейінге қалдыру, химиялық заттармен байланысқа түспеу. Жүктіліктің басында болашақ ана вирустық аурулардан барынша сақтануы керек. Тіпті ЖРВИ қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Гормоналды фон және гемостаздың бұзылуымен байланысты проблемалардың болуы эмбрионның өліміне әкелуі мүмкін, сондықтан жүктілікке дейін барлық қауіп факторларын анықтау өте маңызды", - дейді дәрігер.
Маман жетілмеген жүктілік - үкім емес, баланы жоғалту себебін анықтауға, мүмкіндігінше оны жоюға немесе дәрі-дәрмекпен түзетуге көмектесетін толық тексеруден өтудің маңызды екенін айтады. Бұл кейінгі болашақ жүктілікті мүмкіндігінше қауіпсіз жоспарлауға мүмкіндік береді.
"Дені сау баланы көтеру және босану мүмкіндігі екі немесе одан да көп жетілмеген жүктіліктен кейін де болуы мүмкін. Медициналық тәжірибеде ана болу үмітін үзген әйелдерге тағдыр мүмкіндік берген көптеген бақытты жағдайлар болған", - деп қорытындылады Борисевич.