Қызылордадағы өрттен зардап шеккен тағы 2 жасөспірім әлі ем алып жатыр
Қызылордадағы газ жарылысынан кейін ауыр жарақатпен Алматыға жеткізілген 4 науқастың екеуі ауруханадан шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәрігерлер олардың стационарлық бақылауда болатынын жеткізді. Денесінің 80-85 пайызын күйік шалған жасөспірімдер 40 күннен аса ем-дом қабылдап, тері аутотрансплантациясы отасын жасатқан. Жағдайы әлдеқайда жақсарған оқушыларды ата-анасы ауруханадан алып кетті.
– Балаларымыз ауыр халде келдік. Аллаға шүкір, қазір жақсы. Орталықтағы барлық дәрігерге рақмет айтамыз. Ауылға қайтамыз, қуаныштымыз! – деді ата-ана Мархабат Жәкенова
Қызылордадағы өрттен зардап шеккен тағы 2 жасөспірім әлі ем алып, оңалу мерзімінен өтуі тиіс. Біріне аутодермопластикадан ота жасалады. Екі баланың да жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
– Балалар шошып қалған. Емнің барлығын жүргізіп, аман-есен күйік бөлімшесіне ауыстырылды. Ота жасалды. Ал қалған екі баланың жағдайы ауыр деп бағаланады, әлі ота жасау керек, – деді қалалық балалар шұғыл медициналық көмек орталығы реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Медетәлі Мақұлбеков.
Еске сала кетейік, 28 шілдеде Қызылорда қаласының Әл-Фараби шағынауданында жеке тұрғын үйде жарылыс болып, үй қирап қалған. Салдарынан кәмелетке толмаған 4 бала жансақтау бөліміне жатқызылған. Бірер күннен кейін өмірі қыл үстінде тұрған жасөспірімдер шұғыл түрде Алматыға жеткізілген.
Оқи отырыңыз: Алматыда қала күні тойлана бастады