Солтүстік Қазақстан облысында екі адамнан шошқа тұмауы табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардан H1N1 вирусы анықталып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі елде жедел респираторлы инфекция да өршіп тұрғанын айтады. Аурумен арпалысқандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 42 пайызға өсіпті. Дені – балалар.
«Шошқа тұмауы» алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысында 2009 жылы тіркеліпті. Қазір тұмаудың бұл түрі адамнан адамға ауа тамшылары арқылы таралып жатыр,- дейді мамандар. Аурудың ерекше белгісі жоқ. Бұлшықет ауырады, құрғақ жөтел пайда болып, температура 38-39° градусқа дейін көтеріледі екен. Соңғы 2 айда елімізде 2 млн-нан астам қазақстандық жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырыпты. Оның көбі – балалар.
«14 жасқа дейінгі балалар арасында 1 миллион 370 мың адам бар ауру жұқтырған. Біз қоздырғышқа зерттеу жүргіздік. «В» тобының вирусы барлық облыста байқалды. Ал суық тию ауруының өсуі былтырғыға қарағанда орта есеппен 10 пайызға жоғары. Осы ретте қазақстандықтарды тұмау және ЖРВИ маусымы басталмай тұрып, алдын ала вакцина алуға шақырамыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник.
Мамандар індеттің өршуін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырады. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, демалыс күндері елде боран соғып, 25 градусқа дейін аяз сақталады. Республиканың солтүстігінде көктайғақ болады, ал оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында тұман күтілуде.
«Батыста ауа температурасы түнде 3-8 градус аяздан минус 8-13-ке дейін, ал солтүстік, солтүстік-батыс және орталықта сынап бағанасы 5-13 градус аяздан, минус 10-25 градусқа дейін төмендейді. Шығыста ауа температурасы 15-23 градус аяздан, минус 10-18-ге дейін ауытқиды, оңтүстік және оңтүстік-шығыста 15 градус аязға дейін барады. Алдағы 2 тәулікте Қазақстан аумағының басым бөлігі жоғары атмосфералық қысым ықпалында болады», – деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Смағұлова.
Елдегі қолайсыз күн райына байланысты бүгін елордалық және Павлодарлық оқушылар сабақты онлайн оқыды. Қос өңірде күндіз қарлы боран болып, ауа температурасы төмендеген.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы