|
24.04.2023 | 19:19
3061

МӘМС: Биыл қорға 4 мыңнан астам шағым түскен

Қазақстанда 16 миллионнан аса адам МӘМС қорында тіркелген

МӘМС: Биыл қорға 4 мыңнан астам шағым түскен egemen.kz

Кейбір ауруханалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қызмет көрсетуден бас тартып келеді. Биыл қорға 4 мыңнан астам шағым түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда 16 миллионнан аса адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында тіркелген. Алайда сапалы қызметке барлығы бірдей қол жеткізбейді. Халық арасында бұл жүйеге қатысты пікір де екіге бөлінген.  

«Ауру уақыт күттірмейді. Оны уақтында емдеу керек. «Сенің сақтандыруың бар ма, жоқ па?» деп отырғанда науқастың дерті асқынып кетуі де мүмкін», – деді Алматы қаласының тұрғыны Дәулетжан Шаймұран.  

«Менде қатерлі ісік болған. Ота жасады. Бұл жүйені нашар деп айта алмаймын», –деді қала тұрғыны Айгүл Болатқызы.

«Ауылды жерде дәрігерлер дұрыс қарамайды. Дәрі-дәрмекті тегін жазып береді. Бірақ қабылдаған емнің шипасы болмайды», – деді Алматы қаласының тұрғыны Нұрболат Асхатбек.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынаған болатын. Оның айтуынша, емделу үшін кейбір қызметті тегін алу үшін 3 ай күтуің керек, ал ақылы түрде оған 3-ақ минутта қол жеткізуге болады. Сонымен қатар көрсетілмеген қызметті алды деп есеп беру тыйылмай тұр екен.  

«Қордың деректеріне сәйкес, ақшаны төлеген бірақ көрсетілмеген медициналық қызмет өте көп. Қор көлемінің шамамен тек 10 пайызын тексергеннің өзінде көрсетілмеген 52 мың медициналық қызмет анықталды. Ал егер 100 пайызын тексеретін болсақ, онда 500 мыңнан аса ма? Қалай болады?» – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың ойынша, қорға түскен ақшаны Қазақстан азаматтары ашық көре алу керек. Ол қаражат қайда, қандай мақсатта жұмсалып жатқаны қолжетімді болуы тиіс. Ал медициналық сақтандыру қорының мамандары былтыр 1 триллион теңгеге жуық ақша түскенін айтады. Төленіп отырған жарналардың сомасы сайттарында көрсетілген екен. Ал ақшаның өзі бірден қордың шотына түспейтін көрінеді.  

«Заңда нақты жазылған, қорға түсетін қаражат қордың ұлттық банктегі шотына түседі. Тікелей қордың өзіне түспейді. Алдын ала азаматтарға арналған мемлекет ұлттық корпорация арқылы түседі», – деді  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жеке және заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Забира Оразалиева.

Медицина саласының сарапшысының айтуынша, сақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұр. Дәрігердің халықты ұзақ уақыт күтіріп қоюы жүйедегі  кемшілік болып отыр. Маманның айтуынша, тариф бойынша сұрақтар бар.

«Менің ойымша тарифтерді қайта қарау керек. Егер емдеу протоколы өзгерсе, оған қосымша қызметтер қосылса, тарифті де соған қарай ыңғайлау керек. Қазір сақтандыру жүйесі аса көңіл көншітпейді. Дегенмен, халықтың біраз бөлігі медициналық қызметке көңілі толмайды. Жүйені жетілдіру ғана қалып отыр», – деді Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Әли Нұрғожаев.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тіркелген ауруханаңыз сізді емдеуге міндетті. Егер сізге қажетті маман мен аппарат ол ауруханада жоқ болса, басқа медициналық мекемеге жолдама береді. Ол тегін болуы тиіс. Айта кетейін, қазақстандықтар осы күні айлығының 3 пайызын аталған қорға аударып отырады. Жүйе 2020 жылы енгізілген еді.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир