|
08.02.2024 | 16:11
3745

Асқазан күйігі: алматылық дәрігерлер күрделі ота жасады

Баланың тамақ ішу қабілеті қайта қалыптасып келеді

Асқазан күйігі: алматылық дәрігерлер күрделі ота жасады Almaty.tv

Алматыда жылына 150-ге жуық бала тұрмыстық химиядан уланып, ауруханаға түседі. Асқазаны күйіп қалған үш жасар қызға ота жасаған дәрігерлер өңешін ауыстыруға мәжбүр болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қызылордалық Жанат Тәуекелова бір жылдан бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Былтыр 2 жасар қызын бірер сәтке назардан тыс қалдырып, арты жантүршігерлік оқыс оқиғаға ұласқан. Бүлдіршін әп сәтте қазан тазалайтын тұрмыстық тазартқышты ішіп, жансақтау бөліміне түседі. Бір ай бұрын балақайға өңеш трансплантациясы бойынша ең күрделі операция жасалды.

– Қазалы ауданында 2 күн жансақтау бөлімінде жатып, үшінші күні Қызылорда бардық. Өңештің қатты күйгеніне байланысты Қызылордадан Алматы қаласына педиатрия орталығына, хирургия бөлімшесіне жіберді. Асқазанына түтікше қойып, гастростома арқылы тамақ ішіп жүрдік, – деді жарақат алған қыздың анасы Жанат Тәуекелова.

Бүлдіршін оқыс оқиғадан кейін тамақтанып, өздігінен нәр тата алмаған. Бір жыл бойы тек асқазандағы арнайы түтікше арқылы тамақтанған. Өңеші ауыр химиялық күйік алу салдарынан қатты тарылып кеткен. Баланың аса ауыр халіне байланысты, тоқ ішекпен өңешке бірегей операциясы жасалды. Елімізде мұндай ота тек Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жасалады.

– Бір жыл бойы химиялық күйіктен зардап шегіп, науқас тамақ іше алмай келген. Тіпті су іше алмағандықтан ота жасадық, тоқ ішек пен өңеш алмастырылды. Ол бірегей операция болып есептеледі. Тек осы педиатрия орталығында жасалады, – деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургия бөлімшесінің хирургі Нышанбек Шыланбаев.

Соңғы уақытта асқазанның күйіп, өңештің бітелуі балалар арасында жиі кездеседі. Дәрігерлер оның себебін химиялық жуғыш-заттардың дұрыс сақталмауынан деп түсіндірді.

– Балалар өсе келе қызығушылығы арттады. Ал ата-ана химиялық түрлі сұйықтықты дұрыс сақтамайды. Химиялық сұйықтықты жұтқаннан кейін, баланың тағдырына балта шабылып, мүгедектік болуып қалуы не кей жағдайда көз жұмуы  мүмкін, – деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургия бөлімшесінің хирургі Нұржан Афлотонов.

Айта кетейік, бүлдіршіннің жағдайы тұрақты. Балақайдың өздігінен тамақ ішу қабілеті қайта қалыптасып келеді.

Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылықтар онколог маманнан кеңес алды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир