Алматыда 12 дәріхана дәрі-дәрмекті қымбат сатқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде бұл мекемелерге салынған айыппұл көлемі 1 721 990 теңге. Жалпы мегаполис бойынша арнайы мобильдік топтар медициналық препараттардың саны мен бағасына үздіксіз мониторинг жасауда. Ал Алатау ауданы бойынша да өткізілген кезекті осындай рейд нәтижесінде дәріханалардың барлық талаптарға сай екені анықталды.
Аудан бойынша бүгінде 103 дәріхана жұмыс істеп тұр. Айта кету керек, карантин енгізілгелі бері мекемелер бойынша бірде-бір заңбұзушылық тіркелмеген. Бұл тыңғылықты жасалған түсіндірме жұмыстарының нәтижесі дейді аудан әкімінің орынбасары.
«Қазір бірде-бір факт ешқандай тіркелген жоқ. Ондай жағдай тіркеліп, бағасы көтеріліп жатқан жағдайда «ФармКонтроль» деген бар. Сол кісілермен бірлесіп, біз материалдың барлығын сол кісілерге береміз. Ары қарай оның жұмыс істеуін өздері шешеді», – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Әділет Тоқтасынов.
Ал аудан бойынша жалпы 12 мониторингтік топ күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Айта кетейік, заңбұзушылық үшін 97 мыңнан 225 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.
Сымбат Ноғай, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» арнасы