Жыл басынан бастап бірқатар медициналық қызметтер халыққа қолжетімді болады
Қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүрекке ота жасау, органдарды ауыстыру және тағы да басқа қымбат процедураларға қол жеткізе алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыл басынан бастап бірқатар медициналық қызметтер халыққа қолжетімді болады дейді денсаулық сақтау министрлігі. Сарапшылар да бұл жаңашылдық билікке де, бұқараға да тиімді деген пікірде. Енді халық тегін медициналық көмекті қалай алады?
Қазақстанда жаңа жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Оның арқасында халық қазіргіден әлдеқайда көп тегін медициналық қызметтер ала алады деп сендіреді жауапты ведомство. Ал көптеген тұрғындар оған күмәнмен қарайды.
2020 жылдың сәуіріне дейін еліміздің барлық азаматтары шартты түрде сақтандырылған болады. Яғни олар дәрігерлік көмекті МӘМС аясында алады. Ал өзін - өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар ай сайын 2125 теңге көлемінде жарна төлеп тұруы керек. Төлемді кез келген банк немесе терминал арқылы жүргізуге болады. Ал, зейнеткерлерге, балаларға, мүгедектерге, студенттерге, жүкті әйелдерге барлық медициналық қызмет мемлекеттің есебінен көрсетіледі.
«Мен диспансерлік есепте тұрмын, МӘМС арқылы бұрын өте алмаған көптеген тексерістен өте алатынымызды естідім, қазір КТ, МРТ, барлығы МӘМС аясында тіпті стационарлық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі деп айтты», - деді Гүлнәр СЕЙТЕНОВА.
3,5 миллионға жуық адам қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Азаматтарға алғашқы, шұғыл көмек қана емес, сонымен қатар созылмалы аурулардың диагностикасы мен еміне де тегін қызмет көрсетіледі. Сарапшы Орынгүл Нарманованың айтуынша, егер пациенттің қолында көрсеткіші болса, оған жүрекке ота жасау, ағзаларды трансплантациялау тегін түрде іске асады.
«Қазақстандық медицинаны қаржыландыру бір жарым есеге артады. Осы мақсатта бір жарым триллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бұл өз кезегінде, халыққа бұрын белгілі бір аурулар тізбесі бойынша немесе тек жеңілдік көрсетілетін санатқа қол жетімді болған медициналық қызметті алуға мүмкіндік береді. Дәрігерлік қызмет спектрлерінің басым бөлігі тегін болмақ», - деді «Нұр-Сұлтан қаласының тәуелсіз медициналық сарапшылар қауымдастығы», - деді ҚБ мүшесі Орынгүл НАРМАНОВА.
«Мысалы, науқас остеохондрозбен ауырады, ол өзінің өмір сүру сапасы бұзылған деп санайды. Бірақ ауру шаншымайды, шұғыл жағдай жоқ. Және ол уқалау сеансын алғысы келеді. Бұл медициналық сақтандыру жүйесіне кепілдік берілген көлемге кірмейді», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат АҚТАЕВА.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС, сондай-ақ жарналарды төлеу, ол бойынша қарыздың қаншалықты екенін 1406 нөміріне бірыңғай Call-орталықтан білуге болады. Медициналық мекемелердің өңірлік филиалдарында азаматтарды қабылдау кабинеттері ашылады.