Тегін және кезексіз: Алматыда коронавирусқа тест тапсыру желісі кеңейтілді

13.05.2020 01:00

Кейбір созылмалы аурулары бар науқастар кезекке тұрмай-ақ тегін тест тапсыра алады

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда коронавирусқа тест тапсыру желісі кеңейтілді. Тұрғындар қаладағы 7 клиникалық орталықтан бөлек, 8 жылжымалы пункте КОВИД-19-ға тест тапсыра алады. Ал қалада карантин басталғалы бері  77 462 адамға сынама жасалған. Бұған дейін көпшілік ПТР-тестін тапсыру бағасы қымбат екенін айтып, шағымданған еді. Қазір оның бағасы төмендеді ме? Нәтижесі қанша күнге жарамды? Almaty.tv тілшісі жауап іздеп көрген еді.

Бүгінде қала бойынша созылмалы өкпе аурулары, қант диабеті, артериялық қан қысымы және жүректің созылмалы аурулары бар науқастар кезекке тұрмай-ақ тегін тест тапсыра алады. Себебі, мұндай диагноздары бар науқастарда аурудың асқыну қаупі жоғары.

Дәл қазір №10 емханада тұрмыз. Мұнда COVID -19 вирусына қарсы тест тапсыру үшін арнайы бөлме жасақталған. Сондай-ақ науқастардың кезекке тұру жүйесі де алдын ала ойластырылған. Ол үшін әр науқас мына сызықтың бойымен тұруы тиіс. Сәйкесінше олардың ара қашықтығы 1-1,5 мерт сақталады. Ол үшін әр тест тапсырушының қолында мынандай жеке куәлігі болуы қажет. Алдын-ала ол мейірбикеге тіркеліп, тест тапсыратын орындыққа жайғасады. Тағы бір ескеретін жайт тест тапсырушының медициналық қолғабы мен маскасының болуы міндеттеледі.

Тест нәтижесі көрсетілген анықтама 14 күнге жарамды. Ал экспресс әдісі арқылы тапсырылған тесттің жарамдылық мерзімі 3 күн ғана. Екеуінің де нәтижесі 6 сағаттың ішінде дайын болады. Ал тұрғындар тегін тапсыру үшін тіркелген учаскелік емханасына бару керек.

«Қазіргі технология бойынша біз өзімізден «Даму Мед» арқылы жолдама шығарамыз. Ол жолдамамен базаға тіркеледі. Егер науқас бізде тіркелмеген болса ол базадан ол кісіге жолдама шықпайды. Тапсырылған күннен кейін 6 сағаттан кейін оның результаты біздің базамызға түседі. Әр науқастың ұялы телефонында «Даму мед» приложениясының жүктелімі бойынша өздерінің нәтижелерін үйінде отырып білуге болады», - деді № 10 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Ләйла СҮЛЕЙМАНОВА.

Ал қала бойынша емханада тіркеуде жоқтар жекеменшік клиникаларда тапсыра алады. Мәселен, «Олимпте» тест тапсыру құны – 15 940 теңге. Ал қаладағы Ұлттық сараптамалық орталықта – 11 500 теңге. Анализ сағат таңғы 8:30-дан 16:00-ге дейін қабылданады. Медициналық орталық Жібек Жолы, 3 мекенжайында орналасқан. Жалпы, қазіргі таңда қала бойынша күніне 2403 адам тест сынамасынан өтеді.

«Қазіргі таңда 7 зертхана бар. Тағы да бір зертхананы іске қосу көзделген. Сондықтан біз бір күнде жасалатын сынамаларды 4- 4,5 мыңға көбейтуді жоспарлап отырмыз. Оған жағдай бар», - деді қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек БЕКШИН.  

Еске сала кетейік, 11 мамырдан бастап ұшақ жолаушылары үшін COVID -19-ға тест тапсырудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, жаңа ережеге сәйкес, қалаға кіріп-шығу үшін де тест нәтижесі талап етілмейді. Дегенмен, барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қатаң сақталуы тиіс. 

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы