Тиісті құжат болса жеткілікті: Алматыға кімдер кіріп-шыға алады

13.05.2020 в 01:43

Бекетте тұрған мамандар азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірін арнайы базадан тексереді

Алматыға кіруге рұқсат алған азаматтар коронавирусты анықтайтын тест тапсырмай-ақ қалаға өте алады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеген еді. Ал блок-бекеттер арқылы ішке өткісі келетін халықтың қарасы көп. Жалпы, бүгіннен бастап Алматыға кімдер кіріп-шыға алады? Almaty.tv тілшісі әңгімелейді.

Талғар тасжолында орналасқан блок-бекеттен қалаға қарай кіргісі келген адамдар осылай кезекте тұр. Мұнда халық әртүрлі себеппен ішке өткісі келеді. Бірақ тәртіп сақшылары қалаға жұмысқа шақырылған облыс тұрғындары мен төтенше жағдай кезінде облыста қалған қала тұрғындарын ғана ішке кіргізіп жатыр.

Бекетте тұрған мамандар алдымен келген азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірін infoalmaty.kz сайтына енгізіп, оның базада бар-жоғын тексереді. Егер азамат ақпарат қорында тіркелген болса, яғни қала ішінде жұмыс істеуге рұқсаты болса ішке еш кедергісіз кіре береді. Сонымен қатар, халық COVID-19 инфекциясына тест тапсырғаны туралы анықтаманы көрсетуге міндеттелмейтін болды.  

«Блок-бекеттерде адамдардан ПТР және жедел-тестілеудің нәтижелері шығарылған анықтама талап етілмейді. Бірақ біз кәсіпорын басшыларына жұмысшыларын тесттен өткізіп алуларына кеңес береміз. Өйткені, бұл ең алдымен өздері үшін қажет. Егер қызметкерлер індет жұқтырып алатын болса бүкіл кәсіпорын карантинге жабылады. Сондықтан бизнес өкілдеріне мол жауапкершілік жүктеледі», - деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.

Жалпы, Алматыға бүгіннен бастап мына азаматтардың кіріп-шығуына болады. Олар: әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдарының және медицина қызметкерлері, қамқоршысыз қалған кәмелетке толмағандар, қалада жұмыс істеуге рұқсаты бар кәсіпорындардың жұмысшылары, жақын туысының жаназасына баратын және жақын туысы ауруханада ауыр жағдайда жатқан адамдар, саяжай иелері мен омарташылар және құрылыс пен жол құрылысының мамандарына рұқсат етілген. Бірақ барлығының қолында тиісті құжаттары болуы керек.

«Облыстан жұмысқа қарай өтіп бара жатырмын. Өзім Талғарда тіркелгенмін. Өте беріңіз деген белгі шықты. Ешкім ұстаған да жоқ, жұмыс істеп жүре бер деп жатыр», «Қаланың сыртында болғанбыз, Талдықорғанда. Бүгін келіп өтіп жатырмыз», «Мен дәріханада жұмыс істеймін. Бүгін жұмысқа шақырып жатыр», - деп пікір білдірді біз сөзге тартқан тұрғындар.

Бұдан бөлек, қазір блок-бекеттерде тәртіп күзетіп жүрген әскери қызметкерлер мен техникалар жұмысын тоқтатқан. Бұған елдегі төтенше жағдай режимінің аяқталуы себеп. Енді әскери  азаматтар тұрақты жұмыс орындарына қайта оралады.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы