Алматыда қалалық дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қадағалайтын арнайы бақылау тобы құрылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар дәрілердің уақытылы жеткізілуі мен халыққа қолжетімді бағада сатылуын қадағалау жұмыстарын бастап кеткен. Мониторингтік топ мүшелері Алматы дәріханаларына қызу түсіретін 200 мыңға жуық парацетамол мен вирусқа қарсы дәрілер толығымен жеткізілетінін айтты. Осы ретте мамандар дәріхана иелерін Денсаулық сақтау министрлігінің №104 бұйрығында көрсетілген бағалардан асырмауды қатаң сақтау керектігін ескертті.
«Кез келген сатылымға жіберілетін дәрілер міндетті түрде қауіпсіздік және сапасы жағынан бағаланып, тексеруден өтуі тиіс. Бұл процесс 10 күннен 1 айға дейінгі уақытты алады. Сондықтан біз Денсаулық сақтау министрлігіне өз тарапымыздан ұсыныс жасадық. Жолданған хатта карантин шеңберінде коронавирустың алдын алуға және оны емдеуге арналған препараттарды тексеру процессін тоқтатып, өндірушілерге керекті сертификатты беруді өтіндік. Бұл уақыт ұтуға жақсы мүмкіндік», – деді «ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы» ЗТБ президенті Марина Дурманова
Сонымен қатар қауымдастық өкілі дәрілерді дер кезінде жеткізуге өндіруші компаниялардың «тауарлардың ақысын алдын ала төлеу керек» деген талабы кедергі келтіріп отырғанын айтады. Әйтсе де бұл мәселе де алдағы күндері оңтайлы шешілмек.