Атыраудағы модульдік ауруханадағы науқастар құрылысы аяқталмаған перинаталдық орталыққа шұғыл көшірілген. Бұған инфекциялық мекемеде егеуқұйрықтың қаптап кеткені себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Зиянкестерден әбден үрейленген пациенттер тіпті әлеуметтік желі арқылы шағымын жарыса жазған. Ал денсаулық сақтау саласына жауаптылардың бұған айтар уәжі бар.
Әу баста науқастар қала іргесіндесі модульдік ауруханада жатқан. Кейін егеуқұйрық қаптап кеткен соң, бір апта бұрын ондағылар әлі құрылысы толығымен аяқталмаған перинаталдық орталыққа көшірілген. Емделушілер алғашында ғимараттың іші салқын болғанын, онда жағдай жасалмағанын жасырмады.
– Басында аздап салқын болды. Пеш қойып, терезелерді жауып берді, – деді қала тұрғыны Алтынгүл Сәтиева.
Нысанның күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқтала қоймаған. Тіпті пердесі енді ілінеді. Ал салаға жауаптылар егеуқұйрықтың қаптап кетуін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырды.
– Кеше қатты жел болған кезде, егеуқұйрықтар пайда болды. Қызметкерлер дератизация жұмысын жиі жүргізді. Бірақ даладан жылы жер іздеген жәндік қаптап кетті. Нәресте көп болғандықтан, науқастарды ауыстырдық, – деді облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары Альмира Сабырғалиева.
1991 жылы салынған 5 қабатты перинаталдық орталықтың күрделі жөндеу жұмысына 1 млрд 400 млн теңге кеткен. Оның 966 млн теңгесін ішкі құрылысына жұмсалса, қалғанына желдету жүйесі жөнделген. Бұл ғимарат құрылысы қазір 99 пайыз аяқталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, алдағы уақытта егеуқұйрықтарды жою жұмысы жүргізіледі.
Ұлағат Арғын, Нұрбек Шәйден, «Алматы» телеарнасы, Атырау
Оқи отырыңыз: Атырауда емізулі баласы үшін келіншек жазасы жеңілдетілді