Оңтүстік мегаполисте қызылшаға қатысты тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай әлі де байқалып отыр. Алматыда наурыздан бастап індеттің 3 мыңға жуық зертханалық расталған жағдайы тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауруға шалдыққан қаладағы 2310 баланың 95 пайызға жуығы қызылшаға қарсы вакцина алмаған. Олардың арасында ата-ананың бас тарту себебінен, медициналық қарсы көрсетілімдері бар және егу жасына жетпегендер бар. Қызылшаға қарсы екпенің әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін күшейтеді. Ол 100 пайыз қарсы ем болмаса да, аталған ауру түрінің жеңіл өтуіне сеп болады, - дейді мамандар. Елдегі жаппай иммундау кезінде де жоспарлы екпені ала алмай қалған ата-аналар бірден вакцина алуға келген.
– Екі қызым бар. Екі қызым да екпе салды. Балабақшаға баруымыз керек. Екі апта балабақшада балалар ауырып жатқандықтан жібермедім. Вакцина салдырғаннан кейін барады, – деді қала тұрғыны Мөлдір Садықова.
– Балам 5,5 жаста. Қызылшаға қарсы екпені алдық. 2019 жылы карантин болғандықтан екпесі алмаған, – деді қала тұрғыны Жауһар Зейтен.
Биыл 10 қараша мен 4 желтоқсан аралығында қалада қызылшаға қарсы екпемен 10 мың 466 бала қамтылды.
Қалада ересектер арасында қызылша ауруын жұқтырған 536 дерек тіркелген.
– Қызылша ауадан жұғады. Қасында жүрген аналары екпе алмаған болса, аналарына, үй ішіне жұғуы мүмкін. Сондықтан ауырған кезде балалар үйінде амбулаторлық ем алады. Ал асқынып бара жатса, ауруханаға жатқызамыз. Бүгінгі күнде ауданда 84 науқас амбулаторлық емде қабылдап жатыр, – деді № 36 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген.
Қызылша асқынғанда, баланың өкпесі зақымданып, есту қабілеті нашарлай түседі. Дертті дер кезінде емдемесе, арты қауіпті ауруларға ұласуы мүмкін. Қазіргі респираторлық инфекциялар мен тұмау аурулары көптеп тіркелетін маусымда қызылшаны басқаларымен шатастырып алмаған жөн. Егер науқастың температурасы көтеріліп, тамағы қызарып, жөтелі күшейсе, бірден мамандарға жүгіну қажет.
Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Интернеттегі қауесеттің бәріне сене берудің қажеті жоқ - дәрігер