Көктайғақ: Астанада дәрігерлер күшейтілген жұмыс режиміне ауысты

Almaty.tv
Almaty.tv
Оқушылар мен студенттер сабаққа бармады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Астанадағы травматологиялық пункт жұмысы күрт көбейді. Таңертең жолдың тайғақ болуына байланысты 60-тан астам адам құлап, ауруханаға түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таңертең астаналықтар қалада шаңғыша сырғанады. Автожолдар көк мұз болды. Жүргіншілер жолағы тайғанақ. Осының салдарынан жүздеген адам травматологиялық бөлімшеге түскен. Тіпті, кейбіріне шұғыл ота жасау қажет болған екен.

– Бүгін сағат 13:30-ға дейін 182 адам жүгінді. Оның 15-і – бала. 162 адам жолда құлап, жарақат алған. Ауыр жарақатпен 13 науқас ауруханаға жатқызылды. Шұғыл ота жасау керек, – деді №1 Көпбейінді клиникалық ауруханасының травматологиялық пункт меңгерушісі Алексей Солод.

Қалалық дәрігерлер күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Түске дейін 79 жол апаты тіркелген. Полицейлер көлік арасындағы қашықтықты сақтап жүруге шақырды.

– Ауа райы мен жауын-шашынға байланысты жүргізушілерден аса сақ болуды, белгіленген жылдамдықты қатаң сақтауды, күрт тежемеуді, қашықтықты сақтауды сұраймыз. Ерекше сақтық шараларын жүргізушілер ғана емес жаяу жүргіншілер де сақтауы қажет. Өз қауіпсіздігіңіз үшін көшені арнайы белгіленген жерден кесіп өту керек, – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлмира Шрахметова

Жылда осы уақытта қар борап, аппақ ұлпа жататын көше, көк мұзға айналғанда көпшілік абдырап қалды.

– Биыл ауа райы өзгеріп тұр. Қар жауады, еріп кетеді. Көктайғақ болып жатыр, – деді қала тұрғыны.

Бүгін оқушылар мен студенттер сабаққа бармады. Балабақшалар да жұмысын тоқтатты. Ал синоптиктер түнде Астанада жер қайтадан қатады деп болжап отыр. Ертең күні бойы ауа температурасы нөлден төмен болады.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда қысқы маусымға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр

Новости партнеров