Республикалық қайырымды істер марафоны аясында Ақсай балалар ауруханасында ем алып жатқан 10 балаға ноутбук табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүйрек ауруынан өмір бойы емделетін 5 жас пен 17 жас аралығындағы балалар оқу бағдарламасынан қалмасын деп дәл осы сыйлық түрі таңдалыпты. Наурызбай аудандық әкімдігінің бұл бастамасына жеке мектеп басшысы қолдау көрсеткен. Айта кету керек, демеуші балаларға жаңа оқу жылынан бастап мектебінде тегін оқуға мүмкіндік берді.
«Мұндағы балалар өте ұзақ уақыт емделеді. Мәселен, бір жыл ауруханада жатса, мектеп бағдарламасынан қалып қалады ғой. Сондықтан бұл сыйлықтың дәл осы балаларға табысталғаны дұрыс деп шештік. Біз мектептермен бірлесіп оқу сыныптарын ұйымдастырамыз. Енді қажетті еммен қатар білім алады деген үміттеміз», – деді «Ақсай» университеттік клиникасының директоры Есентай Тәжиев.