Халық денсаулығы туралы Кодекс – осы жүйенің дамуына айтарлықтай серпін береді. Себебі жаңа заңда тәжірибелік-бағдарлы білім беруге басымдық берілген, дейді сарапшы мамандар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде дәрігерлерді оқытуды жетілдіруге бағытталған бірнеше қадам қарастырылған. Бұл арқылы оқуды бітіре сала, тәжірибеге дайын дәрігерлерді шығаруға мүмкіндік туады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сенаттың сүзгісінен өткен жаңа Кодексте дәрігерлерді оқытуды жетілдіруге бағытталған бірнеше қадамдар қарастырылған. Соның бірі – тәжірибелік, бағдарлы білім беруге басымдық беру.
«Біріншіден, үздіксіз медициналық білім беру енгізілді. Демек талапкер мектептен кейін медициналық жоғары оқу орнына түсіп, 6 жыл оқудан кейін бакалавр емес, магистр деңгейін алып шыға алады. Бұл еліміздегі білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға сай жүргізуге мүмкіндік береді. Тағы бір басымдық тәжірибелік- бағдарлы білім беруге жасалды. Соңғы 6-оқу жылында болашақ дәрігер міндетті түрде клиникалық ұстазының жетекшілігімен интернатурадан өтуі керек. Осылайша, біз оқуды бітіре салып, тәжірибеге дайын дәрігерлерді оқытып шығарамыз. Үшіншісі, резедентурадаға дайындық концепциясы өзгертілді. Төртінші – денсаулық сақтау министрлігімен аккредитацияланған тәуелсіз ұйымдардың түлектерін міндетті сертификаттаудан өткізу енгізілді. Бұл арқылы болашақ дәрігерлердің сапалы дайындығы қамтамасыз еткледі», – деді Қарағанды медициналық университетінің проекторы Виктор Риклефс
Осылайша жаңа Кодекс ұлт денсаулығын нығайтуға ықпал етеді дейді мамандар. Бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымы балалар құқықтары туралы конвенциясына сәйкес әзірленген. Кодексте сондай-ақ, балаларды вакцинациялауға қатысты өзгерістер бар.
«Жоспарлы профилактикалық егулерді алмаған балаларды бала бақшаларға жіберу, балабақшада ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткізген кезде ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте сенаторлар ата-аналар балаларды вакцинациялау бойынша дербес және саналы шешім қабылдау құқығын растайтын түзетулер енгізді. Бұл тараптан, біздің мақсатымыз – ата-аналар арасында профилактикалық егулер туралы және оның пайдалылығы туралы жүйелі ағарту жұмыстарын жүргізуіміз керек деп ойлаймын», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы балалар мен жастардың денсаулығын нығайту бөлімінің басшысы Ақбота Әбілдина
Жаңа заңда екпені өндіруші, оны тасымалдаушылар мен сақтаушыларға қатысты да жауапкершіліктің күшейтілгені жазылған. Сондай-ақ қайтыс болған адамның ағзасын донорлыққа алу, дәрігер жасаған заң бұзушылықтар, медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға қатысты тың өзгерістер көп.
Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы