Алматылық мониторингтік топ өкілдері карантин талаптарын сақтамаған тұрғындарға түсіндірме жүргізу жұмыстарын күшейтті. Әуезов ауданы әкімдігінің өкілдері мен тәртіп сақшылары қалалықтардың қаншалықты ережелерді ұстанатынына бақылау жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Тексеріс барысында Сайран көлінде катамарандарды жалға беріп жұмыс істеген азаматтар анықталды.
Әуезов ауданындағы 8 ықшам ауданында орналасқан мына спорт алаңындағы күндегі көрініс осылай дейді тәртіп сақшылары. Алаңға жиылып, футбол, баскетбол ойнайтын жастар әдетте полиция көлігін көріп осылай тым-тырақай қашады.
Мониторингтік топ өкілдері саябақтағы адамдарға түсіндірме жұмыстарын жасап, бетпердесіз жүргендерге маска таратып берді. Сондай-ақ тексеріс барысында Сайран көлінің жағасына катамарандарды тізіп қойып, жалға беріп жұмыс істеп жатқандар көзге ілінді. Бастапқыда «біз суға түспейміз жәй ғана катамаранмен жүземіз және бізге ешкім тыйым салған жоқ» деген мына азамат бұл олқылықтың орнын түзеуге келісті.
Ал көлдің шетінде орналасқан бекеттен бір топ жасөспірімнің суға түсіп шыққаны байқалады. Араларында кішкентай балалар да бар. Барлығы су бойына жиналып алған.
Сонымен қатар жұрт Халыққа қызмет өкрсету орталығы, банк, саябақ сияқты жерлерге жиі жиналады. Қанша ескерту айтылса да тәртіпке бағынбайтын адамдар табылады дейді мамандар.
«Көбінесе жастар бізді көрген кезде маскаларын тағып алады. үлкен кісілер қазір ауданда аз. Олар шыққан кезде Халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе өздеріне нан алуға, дүкенге сондай кезде ғана шығады. Ал былай серуендеп жүрген үлкендерді көп байқамадық», – деді Әуезов аудандық мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы Ерасыл Өкіметов
Бүгінде Әуезов ауданы бойынша кәсіпкерлердің санитарлық тазалығын тексеретін және халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізетін екі мониторингтік топ құрылған. Мамандар адамдар әлі де індеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінбейді дейді. Сондықтан олар тұрғындарды мас тағып, ара қашықтық сақтауға шақырды.
Назкен Еркін, Айдос Байназаров «Алматы» телеарнасы