Қала әкімінің тапсырмасымен ашылған Телемедицина орталығы қалай жұмыс істейді

03.11.2020 00:59

Орталық дәрігерлері науқастарға коронавирус инфекциясынан емделу жөнінде тұрақты түрде видео кеңес жүргізеді

Қалада пандемияның жаңа толқынына дайындық шаралары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Осы орайда Алматы қаласы әкімдігінің тапсырмасымен құрылған Телемедицина орталығы тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді. Алматылықтар үшін 24 сағат бойы қолжетімді орталықтың негізгі жұмысы қандай? Дәрігерлер науқастармен қалайша байланыс орнатады? Орталықтың аурухана және емханалардан айырмашылығы не? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.

COVID-19 расталған жағдайлармен үй стационарындағы науқастарға мониторинг жасау мақсатында құрылған Телемедицина орталығы аптаның жеті күнінде 24 сағат бойы қолжетімді. Орталық дәрігерлері науқастарға коронавирус инфекциясынан емделу жөнінде тұрақты түрде видео кеңес жүргізеді. Олар учаскелік емхана берген тізімге сәйкес, науқастардың жағдайын бақылау үшін күнделікті қоңырау шалып отырады.

Кез келген қала тұрғыны 3000 505 нөмірі бойынша Телемедицина орталығына хабарласып, өзін толғандырған медециналық сауалын да қоя алады. Ол үшін бірнеше ауысымда операторлар жұмыс істейді. Қажетті медициналық кеңес беретін мамандардың жұмысы арнайы монитор арқылы бақыланады. Онда қанша қоңырау қабылданғаны, қай оператордың жұмыс істеп жатқаны және қоңырау шалушының нөмірі көрсетіледі. Сондай-ақ, барлық кіріс және шығыс қоңыраулары жазылып, сақталады.

«Біздің басты міндетіміз – ауруды асқындырмау. Егер 3 күнде науқастардың дене қызуы көтеріліп, ентігу байқалатын болса,  біз бірден мобильді топ пен жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жатқызамыз. Кейін тұрғындардың денсаулық жағдайын жазылып шыққанша толққанды бақылауда ұстаймыз», – деді аға дәрігер-консультант Жұлдыз Бауыржанқызы.

Ал коронавирус белгілері расталып, үй стационарына жіберілген науқастар ұдайы орталықтың бақылауында болады. 14 күн қатаң карантин кезеңінде дәрігерлер хабарласып, науқастың қал-жағдайын біліп отырады. Олардың ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткеннен кейін ғана тізімнен толыққанды шығарылады.

«Аурхана мен  емхана арқылы ем алатындарды екі жаққа ажырату үшін осы Телемедициналық орталық құрылды. Ал негізгі бідің міндетіміз – осы дәрігер-консултанттар Телемедициналық орталықтың үйде, үй карантинінде ем алып жатқан қала тұрғындарына онлайн консультация беруі қажет», – деді Телемедицина орталығының басшысы Лаура Мырзағалиқызы.

Қазіргі таңда Телемедицина орталығында 60 қызметкер жұмыс істейді. Екі айлық жұмыс мерзімі ішінде алты мыңнан астам аудио және видео қоңырау қызметтері көрсетілді. Ал соңғы айда тұрақты түрде жүргізілген мониторинг арқасында 35 науқас уақытылы ауруханаға жатқызылған.

Жанар Ғаниқызы, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы