Әлем жұртын әбігерге салған індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге жомарт кәсіпкерлер тарапынан да көмек көрсетілуде. Мәселен, бүгін қалалық онкологиялық орталығының ақ халаттыларына азық-түлік себеттері үлестірілді. Игі шараны ұйымдастырушылар Алматы көпір құрылымдары зауыты және Нұр Отан партиясы. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.
Орталықтағы 200-ден астам медицина қызметкерлеріне осындай азық-түлік себеті табысталды. Енді олардың ішінде не бар екенін көрейік. Сүт, айран, шұжық және қаймақ өнімдері. Бұлардың барлығы Қазақстанда жасалған табиғи өнімдер.
Медициналық мекемеде 600-астам қызметкер жұмыс жасайды. Соңғы алты айдың ішінде мұнда 7000-дай адам сырқатынан айыққан. Науқастармен тікелей байланыс жасайтын мамандар үшін иммунитетті нығайтатын биологиялық таза өнімдер таңдалды. Себеттер көпбалалы аналарға, санитар дәрігерлері мен мейірбикелерге үлестіріліп отыр. Дәрігерлерге алғыс білдіру шаралары басқа да емханаларда жалғасын табады дейді кәсіпкерлер.
«Игі шараны әрі қарай жалғастыруды көздеп отырмыз. Біздің зауытта 600-ден астам адам қызмет етеді. Әріптестерімнің барлығы осы акцияға қолдау білдіруде. Болашақта да медицина саласының қызметкерлерін қуанта бергіміз келеді», – деді Алматы көпір құрылымдары зауытының бас директоры Шухрат Шардинов.
Елдегі қиын-қыстау кезеңде дәрігерлер қауымы ауысымнан-ауысымға жанталасып, талай жанның өміріне араша түсіп, ерлікке пара-пар еңбет етіп жүр. Олардың бірі медицина саласында 35 жылдық өтілі бар Арман Омашбекова. Кәсіпкерлердің құрметіне бөленген ақ халатты абзал жан оларға алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
«Әрине, үлкен рахметімізді айтамыз. Бұл біздің ұжымға, бұл біздің орталыққа, орта буын мейірбикелерге, кіші буын мейірбикелерге деген және де басқа да осы медицина саласында істеп жүрген қызметкерлерге үлкен көмек, қолдау дейміз ғой, мотивация», – деді қалалық онкологиялық орталықтың бас медбикесі Арман Омашбекова.
Ақ халаттылардың ел азаматтарынан тілеуі бір ғана. Олар халық өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, барлық карантин талаптарын сақтаса дейді.
Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы