Көліктің бәрі ескірген: ақ халаттылар министрден көмек сұрады

03.05.2024 01:46

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы санитарлық көліктердің 40 пайызы ескіргенін растады

Almaty.tv

Жедел жәрдем қызметінің өзіне жәрдем керек! Алматы облыстық №17 шұғыл медициналық көмек көрсету стансасының қызметкерлері осылай деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талғар ауданына медициналық қызмет көрсетіп жүрген №17 жедел жәрдем стансасында жүрген көліктен, тұрғаны көп. Ал оны елеп-ескеріп жатқан басшылық жоқ.

– Науқастар «тышқан сияқты көліктің артынан кіріп-шығамыз, сұмдық қой» дегенде ұяламыз. Есіктің тұтқасы сынып қалған. Қаражатымызға жасап жатырмыз. Жалақысы аз, осы айда 107 мың теңге алдым, – деді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Жеңіс Рахметов

Қызметкерлер жиналып, басшылыққа талабын айтты. Олардың сөзінше, ауданда 20 көлік болса, оның сегізі ғана қызмет көрсетуге жарамды. Көлік бұзылып, жолда қалған кездер де жиі болған. Ал кешіксе, науқастың жақыны жағасынан алады.

– Не үшін бұзылған көлікті өз қаржымызға жасаймыз? Жоғарыда отырған кісілер сұрғыма жауап берсінші. Айлық – 140 мың теңге. Майды 29 000 мың теңгеге құйдым. Керек-жарағына 12 мың теңге кетті, – деді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Бақыт Аджанов.

Жүзге жуық қызметкердің жалақысы атқарылған жұмысқа байланысты. Сол үшін техника тұралап қалса да, тиын-тебен жинап, жолға шығады. Ал үстіне тар болса, арнайы кимін жамап киетін көрінеді.

– Арнайы киімді желтоқсанда, күн жылынғанда тағы біреуін сатып алдым. Оны кию міндет, әйтпесе жұмыстан шығарады. Жататын жерде химиялық заттар, әжетхана қағазы мүлдем жоқ. Үйден алып келеміз, – деді облыстық Жедел жәрдем және шұғыл медициналық жәрдем көрсету стансасының фельдшері Нұрай Қабдолла.

Ал ақ халаттылардың алдына келген ақ жағалы бәрін өзара шешеміз деп ақталды. Басшылық қызметте отырса да, кей мәселеден хабарсыз.

– Сервис бүгіннен бастап ашылды. Көліктер қысқа уақыттың ішінде жөнделеді. Ешқандай ғимарат баланста жоқ. Порталға 5-6 мәрте ғимарат іздеп, өтінім қалдырдық. Маман өзіне ыңғайлы киім алғысы келеді. Оған шектеу жасай алмаймыз. Бірақ арнайы киім беріледі, – деді облыстық жедел жәрдем және шұғыл медициналық жәрдем көрсету стансасы директорының орынбасары Алмас Құтпанбаев.

Мардымды жауап бермесе де, мәселе шешіледі деп уәде еткен жауапты маманға ел сене қоймады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұрайды. Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы санитарлық көліктердің 40 пайызы ескіргенін растап отыр.

Әлібек Шынтемір, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» теларнасы

Оқи отырыңыз: Ұлттық госпиталь жанындағы кешкі емхана жұмысын бастады