1,5 мыңнан астам қызметкері бар №7 қалалық аурухана қалай жұмыс істеуде

15.05.2020 01:09

Вирус жұқтырған науқастарды қабылдайтын дәрігерлердің денсаулығы бірінші орында

Almaty.tv

Карантин басталғалы бері қалалық №7 көпсалалы клиникалық ауруханасы күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Мұнда мың жарымнан астам медицина маманы 24 сағат бойына қызметте. Вирус жұқтырған науқастарды қабылдайтын дәрігерлердің денсаулығы бірінші орында, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сақтық шаралары қалай жүзеге асып жатыр? Аурухана қаншалықты қажетті медицналық жабдықтармен қамтылған?

Аурухананың жансақтау бөлімінде қызыл және сары аймақ бар. Коронавирус жұқтырған науқастар қызыл аймаққа жатқызылып, бөлек оқшауланады. Ал, ағзасында вирустық инфекция жоқ, бірақ созылмалы өкпе аурулары, қант диабеті, артериялық қан қысымы бар науқастар болса, сары аймаққа жатқызылады. Себебі мұндай диагнозы бар адамдарда коронавирус індетінің асқыну қауіпі жоғары саналады.

Ауруханаға кірген әр пациенттің алдымен қабылдау бөлімінде температурасы өлшенді. Менің дене қызуым 36,6 дәрежесін көрсетті. Яғни 37 ден асса, фильтрге жіберіледі. Ол жерде өкпені ренгенге түсіреді. Нәтижесі 1 минутта дайын болады. Кейіннен оның қандай ем-дом шаралар қабылдайтыны анықталады.    

Ауруханада науқастың азғасында қауіпті індеттің бар-жоғын анықтайтын фильтр орналасқан. Оның құрамына жасанды тыныс алу аппараты, УЗИ, ренген және ПТР-тесттері кіреді. Осы тексерулерден өткен науқастан вирус анықталса, жұқпалы аурулар ауруханасына жіберіледі.

«Біріншіден, коронавирустан дәрігерді қорғауымыз керек және науқастың өзін де қорғауымыз керек. Сүзгінің ішінде оқшаулап, науқасқа қажетті зерттеулердің барлығын соның ішінде жүргіземіз. Қазір кіші медбикеден бастап, дәрігерге дейін қорғаныс костюмдерінмен науқастарды қабылдайды», – деді  № 7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ғазиз ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ.

Пандемия жарияланғалы дәрігерлердің де өмірлерінде көп нәрсе өзгерген. Кұшейтілген жұмыс кестесіне ауысқан олар қазір тәулік бойы қызметте. Қолайсыздыққа қарамастан күні бойы қорғаныс костюмі мен арнайы көзілдірік киіп жүруге мәжбүр.

«Өздеріңіз көріп тұрғандай, менің үстімдегі қорғаныс костюм, каска, бетперде медициналық қолғап бар. Бәрін осылай киіп жүруге тура келеді. Үстеміздегі киімді әр  8 сағат сайын ауыстырып тұрамыз. Ал, көп рет пайдалануға болатын киім болса, оны утилизацияға жібереміз. Бүгінгі таңда мұндай қажетті құралдар дәрігерлердің барлығына жеткілікті», – деді  № 7 қалалық клиникалық аурухананың терапевт дәрігері Дана ҚОЖАҒҰЛОВА.

Елімізде карантин режимі басталғалы ауруханада науқастарды онлайн қабылдау форматы іске қосылған. Ол үшін арнайы ақпарат орталығындағы дәрігерлер науқастармен телефон арқылы сөйлесіп, қажетті дәрілердің тізімін және қабылдайтын уақытын айтып береді.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы