Тұмауға қарсы екпе туралы алматылықтарға нені білу керек

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Биылғы жылы вакцинация 10 қыркүйектен 10 қараша аралығында жүргізілетін болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында «Алмалы ауданының БМСК орталығы» ШЖҚ педиатрлық бөлімінің меңгерушісі Майра Макеева БМСК деңгейінде вирустық аурулардың алдын алу мақсатында жыл сайын тұмауға қарсы егу жүргізілетінін хабарлады. Аталған жұмыс Алматы қаласы бойынша басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Тұмау – бұл вирустық ауру, оның барысында тамақ ауырып, құрғақ жөтел пайда болып, мұрын бітіп, бұлшықеттер және бас ауырып,температура көтеріліп, дене қалшылдайды. Негізінен вирустық ауру түрлі патогенді бактерияларға жол ашатын асқынулар тудырады. Оның салдарынан ағзада бактериалды пневмония дамуы мүмкін. Созылмалы аурулары бар балалар, 65 жастан асқан адамдар ауруды өте қиын өткереді. Сол себепті халыққа пандемия кезінде ауру ковид инфекциясымен қабаттаспауы үшін мүмкіндігінше екпе алғандары дұрыс», – деп түсіндірді М. Макеева.

Биылғы жылы вакцинация 10 қыркүйектен 10 қараша аралығында жүргізілетін болады. Екпе мына контингент үшін тегін жүргізіледі:

- созылмалы аурулары бар 18 жасқа дейінгі балалар;

- медициналық қызметкерлер;

жүкті әйелдер (жүктіліктің 2-3 триместрінде);

- жабық үлгідегі мекемелерде жүретін азаматтар (сәбилер үйі, балалар үйі, мектеп интернаттар);

- созылмалы аурулары бар ересек мүгедектер;

- жасы 60-тан асқан адамдар.

Тұмауға қарсы екпе салынатын топқа жататындардың тізімі алдын ала жасалады. Медицина қызметкерлері қоңырау шалады, болмаса вакцина салынатындарды емханаға шақырады. Емхана келгеннен кейін пациентті учаскелік дәрігер қарайды, одан сауалнама алып, температурасын өлшейді. Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда вакцина алуға келген адам егу кабинетіне жіберіледі.

Поствакциналық әсерді болдырмау мақсатында екпе салынғаннан кейінгі 30 минут пациент медициналық қызметкерлердің бақылауында болады. Одан кейінгі екі күн аталған пациент учаскелік дәрігердің немесе медбикенің қабылауында болады.

«Биылғы жылы пандемияға байланысты біздің емхананың дәрігерлері қандай жағдайда екпе салуға болмайтыны жөнінде нұсқаулықпен танысты. Қазір бізде тізім бар, біз пациенттердің шақыруды бастадық және олармен ақпараттық жұмыс жүргізудеміз. Аталған екпені алу үшін ештеңенің қажеті жоқ, пациенттер туралы мәліметтер базасы бар, вакцина егілетін адам сақтандырылуы керек және аталған емханаға тіркелген болуы тиіс», – деп түсіндірді дәрігер.

Новости партнеров