«Фэйсбукке пост жазбайынша, ешкім бізге бет бұрған жоқ». Нұр-Сұлтанда стомоталогиялық емнен кейін комаға түскен екі жарым жастағы балғынның анасы дәл осындай уәж айтуда. Оның сөзінше, екі апта бойы ес-түссіз жатқан қызына ешқандай көмек көрсетілмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екі жарым жасар Алисаның анасы Анастасия қызының стоматологиялық клиникаға дейін дені сап-сау болғанын айтады. Кәдімгі тісжегіні емдеу үшін ақылы емханаға жүгініп, барлығын алдын ала жоспарлап қойған. Қандай да оқыс жағдай туындайтынын, қарапайым тіс емінен баласы комаға түсетінін еш ойламағанын айтады.
«Доктор Бро клиникасына барып, 26 желтоқсанға жазылдық. Қызымды келіскен күні апардым. Анестезиямен ұйықтатты. Шамамен 15 минуттан кейін жедел жәрдем қызметін шақырды. «Менің қызыма шақырдыңыздар ма?» дегенде жоқ деді. Алаңдап, екінші мәрте сұрадым. Жоқ, сіздің қызыңызға емес деді. Менің қызымды көрсетіңіздер дегенде анестезиолог шығып, қызыңызда анафилактикалық шок деді. Жақын маңдағы жұқпалы аурулар ауруханасына апарып, жансақтау бөлімшесіне жатқызды», - дейді Алисаның анасы Анастасия ЗЕЛЕНАЯ.
Анастасияның айтуынша, стоматологиялық клиникада балаға 4 жастан кейін қойылатын анестезиялық препарат салынған. Алайда оның егілетіні жөнінде ақ халаттылар еш ескертпепті. Айтуынша, бүгінге дейін аталған емхана тарапынан ешқандай шаралар қолданылмады. Кешірім сұрамақ түгілі, қорқытулар болды дейді.
«Бала 13 күн бойы жұқпалы аурулар аурухасында жатты. Ешкім көпбейіндіге ауыстырғысы келмеді. Ана мен бала орталығына өтіндім, олар «біз көмектесе алмаймыз, статистикамызды бұзғымыз келмейді» деп жауапты қысқа қайырды. Стоматологиялық клиника директорының әйелі болса, пост жазайын деп жатқанымды естігенде «егер бір жерге шағымдансаңыз, балаға ешкім жақындамайды» деп қорқытты. Десе де, пост жаздым. Содан кейін ғана бәрі қимылдай бастады», - дейді Алисаның анасы Анастасия ЗЕЛЕНАЯ.
Қазір екі жарым жасар балғын нөмірі екінші көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, хәлі тым мүшкіл.
«Балғынның жағдайы өте ауыр. Алдын ала диагнозы – ми бағанының өлуі. Алайда, нақты диагноз тексерулерден кейін белгілі болады. 26 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында көптеген консилиумдар өткіздік. Қажетті шаралардың барлығы жасалды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле КИСИКОВА.
Алисаның анасы дәрігерлердің селқостығына наразы. Ал, МРТ диагностикасы тек екі апта өтісімен жасалғаны, тасымалдауға келмейдіні желеу етіп, жұқпалы аурулар ауруханасына жауып қойғаны тіпті жаныма батты дейді. Алайда стоматологиялық клиника өз жұмысын жалғастыруда. Енді ата-анасы тіс емханасын сотқа бермек.
Екі жарым жасар Алисаның анасы Анастасия дәрігерлердің үрейлі болжамын жасырмады. Айтуынша, ақ халаттылар баласының бері қарайтынына сенімсіздік туғызып, 0 пайыз деп отыр. Десе де, ата-ана жүрегі үміт отын сөндірмей отыр. Олар қыздары сауығып, үйге қайтып келетініне кәміл сенеді. Тіпті сүйікті ойыншықтарын сатып алып, шыршаның астына қойып қойған. Алиса машинамен ойнауды жақсы көреді екен.