Аптап ыстықтан есінен танғандар көп – жедел жәрдем

09.06.2023 01:17

Жүрек айныған жағдайда да қауіптің барын ескерген жөн

Фото ашық дереккөзден

Аптап ыстықтан жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Орта есеппен алсақ, қазір бір Алматының өзінде дәрігерлерге хабарласатындардың саны 200 адамға артыпты.

Қалыпты күндерде жедел жәрдем пультіне 1800-ге тарта қоңырау түседі екен. Бұл – бір күндік көрсеткіш. Қазір көмек сұрап хабарласатындар, орта есеппен алсақ, 2000-ға жетіпті. Әрине, мұның бәрі ыстықтан зардап көріп жатқандар емес. Дегенмен «тымырсық ауада тынысы тарылып, есінен танатындар көп» дейді дәрігер. Ал күннің ыстығы жүрек-қан тамыр жүйесінде ақауы барлар үшін тіптен қауіпті.

«Күннің ыстығы құлақтағы дыбысқа әсер етіп, беттің қызаруы, есінен танып қалу, құсуға дейін алып барады. Соған байланысты, шақырту өте көп. Алдыңғы күндері 10-12 шақырту болса, қазір 200-ге дейін барады. Бір күнде бір бригаданың өзінде 20 шақырту келіп жатыр», – деді жедел жәрдем стансасының дәрігері Ақжан Бадаев.

Жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндердің көбі – орта жастан асқан азаматтар. Күн сәулесі өткенінің алғашқы белгісі ретінде дәрігерлер шаршау мен бастың айналуын атап көрсетеді. Жүрек айныған жағдайда да қауіптің барын ескерген жөн.

Ескерер бір жайт бар: күн өткенінің симптомдары кейде инсульт пен аллергияның белгілеріне ұқсауы мүмкін. Сондықтан әлсіздік болса, үй жағдайында ем қабылдап, өз бетінше диагноз қоюға болмайды.

«Көшеде, күн астында ұзақ жүруге болмайды. Күн сәулесі тіке түссе, көру қабілетінің бұзылу қаупі бар. Сондықтан көзілдірік, бас киім сынды қарапайым қорғаныс құралдарын тастамаған жөн. Біз аптап ыстықта аппақ киім кию керек екенін жиі айтамыз. Оның үстіне суды көбірек ішкен абзал. Ал жүрек жұмысында ақауы бар адамдардың мүлдем сыртқа шықпағаны дұрыс», – дейді жедел жәрдем стансасы бөлімінің аға дәрігері Айгүл Ерманова.

Синоптиктер «Алматыдағы аптап ыстық 41 градусқа дейін барады» дейді. Алдағы аптада байқалатын мұндай ауа райы елдің басым бөлігінде сақталмақ. Сондықтан қарапайым ереженің өмір қауіпсіздігіне әсер ететінін ұмытпаған жөн.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстан аумағында өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды