|
08.06.2023 | 19:18
2867

Қазақстан аумағында өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды

Биыл Алматыда 123 рет құрғақ шөп жанып, орман өрті де болған

Қазақстан аумағында өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды Фото ашық дереккөзден

Күннің күрт ысуына байланысты таулы аймақтарда өрт қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Синоптиктер елдің оңтүстік-шығысында ауа температурасы 39 градусқа дейін көтерілетінін айтып дабыл қағуда. Қазіргі ыстықтың өзіне шыдамағандар тасыған өзен жағасын, салқын таудың самалын аңсап жүр. Алайда қазір қалаған ағаштың саясына емін-еркін жайғаса алмайсың. Себебі табиғат аясында күнде тексеріс жүріп жатыр.

«39 рейдтік шара жүргізілді. Жалпы бұл күнделікті жүргізілетін іс-шара болып есептеледі. Бұл жерде біздің қызметкерлер мен арнайы органдар бар, маршруттар белгіленген», – деді Бостандық ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Данияр Ғаниев.

Қауіпсіздікті қызғыштай қорыған мамандар бүгін тауды тағы аралап шықты. Өрт қаупінің жоғары деңгейі жарияланғанын еске салды. Көкке шығып, қазан жаққан аспаздарға ескерту жасап, қауіпсіздікке мән беруге шақырды.  

«Медеудегі жағдайдан кейін өрт қауіпсіздігіне аса мән береміз. Ошақты арнайы орынға құрып, рұқсат етілген жерде от жағып, болған соң өшіріп кетеміз. Төбеңнен күн қаритын ыстықта өзен жағасында демалуды жөн көрдім. Отбасым түгел осында», – дейді қала тұрғыны Князь Амоев.

Биыл Алматыда 123 рет құрғақ шөп жанып, орман өрті де болды.

Еске салсақ, 1 ай бұрын Медеудің тау баурайында қызыл жалын тұтанып, тілсіз жаумен күресте 1 қызметкер жарақат алып, өрт сөндіруші қаза тапты. Сол кезде адам өліміне әкелген апатқа демалушылардың шоқты өшірмей кетуі басты себеп болуы мүмкін екені айтылған еді.  

Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда алдағы күні ауа райы қандай болады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир